Қазақстандық «Рахат» шоколады тағы үш елде сатылатын болады

фото: rakhat.kz

Қазақстандық «Рахат» шоколадтары мен кондитерлік өнімдері Индонезия, Таиланд және Оңтүстік Корея нарығына шығарылады, деп хабарлайды 24KZ.

Алматы мен Шымкентте кондитерлік фабрикалары бар LOTTE Rakhat компаниясы шетелдегі нарықтағы үлесін кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, өнімдерін Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне – Таиланд, Оңтүстік Корея және Индонезияға экспорттау көзделген.

Қазір компания өнімдерінің шамамен 22%-ы экспортқа шығарылады. Оның үштен екісі Ресейге жөнелтіледі. Сонымен қатар «Рахат» шоколадтары мен кондитерлік өнімдері Қытай, Германия, Моңғолия, Орталық Азия елдері және басқа да мемлекеттерде сатылады. Биыл компания алғаш рет Латвия нарығына шыққан.

Қазір кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 100 мың тоннадан асады. Компания 500-ден астам түрлі кондитерлік өнім шығарады. Оның ішінде шоколадтың 80-нен астам түрі бар.

Кәсіпорын сондай-ақ ISO халықаралық стандарттарына, HACCP жүйесіне және Halal талаптарына сәйкес сертификатталған. Бұл жаңа шетелдік нарықтарға шығу үшін қосымша мүмкіндіктер береді.

Соңғы жылдары кәсіпорын өндірісті жаңғыртуға шамамен 19,4 млрд теңге инвестиция салған. Оның 7,1 млрд теңгесі Шымкенттегі зауытты дамытуға бағытталған.