Қазақстан экспорты жарты жылда 40 млрд доллардан асты
2026 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанның экспорты 8,6%-ға өсіп, 40,3 млрд долларға жетті. Экспорт импортқа қарағанда жоғары қарқынмен өсті. Сыртқы сауданың оң сальдосы 8,9 млрд долларды құрады, деп хабарлайды 24KZ.
Импорт көлемі 5,4%-ға өсіп, 31,5 млрд долларға жетті. Ал Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 7,2%-ға артып, 71,8 млрд доллар болды.
Салыстырмалы түрде, 2025 жылдың алғашқы алты айында экспорт көлемі 37,1 млрд доллар болған. Осылайша, бір жыл ішінде экспорт көлемі шамамен 3,2 млрд долларға артты.
Қазақстандық тауарлардың шетелдегі нарығы да кеңейіп келеді. Экспорт көлемі Түркияға 94,3%-ға, Францияға 45,2%-ға, Өзбекстанға 39,5%-ға өскен. Германияға жеткізілім шамамен 10%-ға артты.
Қытай – Қазақстан экспортының негізгі бағыты
Қытай қазақстандық тауарлардың ең ірі нарығы болып отыр. Биылғы қаңтар-маусымда Қытайға экспорт көлемі 7,51 млрд долларды құрап, Қазақстанның жалпы экспортының 18,6%-ына жетті.
Экспорттың негізгі бағыттарының қатарында Италия – 6,98 млрд доллар, Ресей – 3,49 млрд доллар, Түркия – 3,23 млрд доллар, Нидерланд – 2,6 млрд доллар, Франция – 2,32 млрд доллар және Өзбекстан – 2,14 млрд доллар бар.
Мыс экспорты айтарлықтай өсті
Экспорттың өсуіне өнеркәсіптік тауарлар да үлес қосты. Мыс және одан жасалған бұйымдарды сыртқа шығару көлемі шамамен 58%-ға өсіп, 2,84 млрд долларға жетті.
Ал мыс кендері мен концентраттарының экспорты 43%-ға артып, 2,05 млрд долларды құрады.
Қазақстанның экспорттық географиясы да кеңейіп келеді. Қытай, Еуропа және Ресеймен қатар, Орталық Азия елдеріне тауар жеткізу көлемі артып отыр. Әсіресе Түркия мен Өзбекстан бағытындағы өсім жоғары.