Қазақстанда QR арқылы төлем жасау картамен төлеуден асып түсті
Қазақстанда QR-код арқылы жасалған төлемдердің саны мен көлемі POS-терминал арқылы банк картасымен төленген операциялардан асып түсті, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақстан Ұлттық банкі 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы төлем қызметтері нарығының дамуына шолу жасады. Есепте төлем жүйелерінің, банк карталары мен электронды банкинг қызметтерінің, сондай-ақ халықаралық ақша аударымдары жүйелерінің жұмысы қамтылған.
Жылдың алғашқы алты айында халықтың қолма-қол ақшасыз операциялары 5,1%-ға өсіп, 7,1 млрд транзакцияға жетті. Олардың жалпы көлемі 4,2%-ға артып, 92,1 трлн теңгені құрады.
Бұл ретте қолма-қол ақша алу операцияларының саны 5,8%-ға, көлемі 3,8%-ға азайған.
Қазір қазақстандықтар тәулігіне орта есеппен 39 млн-нан астам қолма-қол ақшасыз операция жасайды. Оның жалпы сомасы шамамен 509 млрд теңге. Мұндай төлемдердің 90%-ы интернет, банктердің мобильді қосымшалары және QR-код арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар QR-мен жүргізілген операциялар саны мен көлемі POS-терминал арқылы төлем картасы пайдаланылған операциялардың саны мен көлемінен тиісінше 38%-ға және 13%-ға көп болды, - деді Ұлттық Банк өкілдері.
Сонымен қатар шілде айында іске қосылған Мобильді төлемдердің банкаралық жүйесі алғашқы бір айда 8 млн-нан астам транзакция өңдеген. Олардың жалпы сомасы 210 млрд теңгеге жетті. Жүйе телефон нөмірі мен QR-код арқылы банкаралық төлем жасауға мүмкіндік береді.
Ал халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы 2026 жылдың алғашқы алты айында шетелге және шетелден 881 мың аударым жасалған. Олардың жалпы көлемі 314 млрд теңгені құрады. Шетелден алынған бір аударымның орташа сомасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9%-ға өскен.