Елде жаңа электр станциялары салынып, 11 нысан жаңғыртылады
Қазақстан жыл сайын 123 млрд киловатт-сағат электр энергиясын өндіргенімен, ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Энергия тапшылығын азайту үшін елде жаңа электр станцияларын салу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2029 жылдың соңына дейін қуаты 13 ГВт-тан асатын энергия көздерін іске қосу жоспарланған. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі департаментінің директоры Тимур Әбдірешев 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.
Оның айтуынша, энергия тапшылығы мәселесі соңғы жылдары біртіндеп азайып келеді. Оны толық жою үшін жаңа нысандар салынып, қолданыстағы электр станциялары жаңғыртылып жатыр. Келесі жылдың соңына қарай тапшылықтан профицитке өту мүмкіндігі бар. Күтілетін артық энергия көлемі 1 млрд киловатт-сағаттан асады.
2026 жылы жалпы қуаты 2,6 ГВт болатын бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңартылатын энергетика бағытында жеті жоба іске қосылды, тағы үшеуін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, Қызылордада жаңа бу-газ қондырғысы іске қосылды. Алматыда екі газ станциясы, Түркістанда қуаты 1 ГВт болатын бу-газ қондырғысының жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар күн мен жел энергетикасының жалпы энергия теңгеріміндегі үлесі де артып келеді. Бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш 1% болса, биыл 8,5%-ға жетті. Алдағы уақытта оны 15%-ға жеткізу көзделіп отыр.
Біз тек күн мен жел энергетикасына ғана көшпейміз. Көмір генерациясын, газ энергетикасын және жаңартылатын энергия көздерін қатар дамытамыз. Сонымен бірге күн мен жел станцияларымен бірге энергияны сақтайтын арнайы нысандар салынады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – энергияға арналған power bank. Яғни электр қуатын өндіріп қана қоймай, оны жинақтап сақтауға да мүмкіндік болады. Мұның бәрі еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді, - деді ҚР Энергетика министрлігі департаментінің директоры Тимур Әбдірешев.
Жалпы, 2029 жылдың соңына дейін елімізде 13 ГВт-тан астам жаңа энергия қуатын іске қосу жоспарланған. Оның 7 ГВт-тан астамы дәстүрлі генерацияға тиесілі. Ұлттық жоба аясында сегіз жаңа станция салынып, тағы 11 нысан жаңғыртылады. Президент тапсырмасына сәйкес, Өскемен, Семей, Көкшетау және Курчатов қалаларында да жаңа электр станцияларының құрылысы жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, Masdar, TotalEnergies және China Power сияқты халықаралық компаниялар жел электр станцияларын салу жобаларын жүзеге асырып жатыр. Олардың әрқайсысының қуаттылығы 1 ГВт-қа дейін жетеді.
Энергетика саласындағы тағы бір маңызды мәселе – газбен жұмыс істейтін станцияларды қажетті шикізатпен қамтамасыз ету. Осы бағытта Қашағанда жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт салынып жатыр. Оның жанынан тағы 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін нысан салу жоспарланған. Сонымен қатар Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде. Қарашығанақта да ірі газ өңдеу жобасы басталған.
Қашағандағы газ өңдеу зауыты келесі жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Қалған жобалар да біртіндеп жүзеге асырылады. Осының нәтижесінде елімізді тауарлы газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады, - деді Тимур Әбдірешев.