Францияға Шенген визасын алу жеңілдеді
Шымкентте Шенген визасына құжат қабылдайтын ресми орталық ашылды. Енді оңтүстік өңірдің тұрғындары үшін консулдық қызметтердің қолжетімділігі артып, Францияға бару анағұрлым жеңілдеді, деп хабарлайды 24KZ.
Бұған дейін қысқа мерзімді виза Астана мен Алматы қалаларында қабылданатын. Ашылу салтанатында жаңа орталықтың жұмыс кестесі мен жан-жақты мүмкіндіктері таныстырылды.
Францияға арналған Шенген визасын алу жеңілдеді. Енді шымкенттіктер мен оңтүстік өңірдің халқы құжаттарын мегаполисте тапсырып, қысқа мерзімді сапарға рұқсатнама рәсімдей алады. Бастама қала әкімдігі мен Франция Елшілігінің екіжақты келісімі нәтижесінде іске асты.
Сильван Гиоге, Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі:
– Мұндай жаңа қызмет түрін ұсыну біз үшін үлкен қуаныш. Әкім мырзамен алғаш кездескенімізде осы бастаманы талқылаған едік. Бір жарым жылдан соң уәдемізді орындай алдық. Шымкент – үлкен қала, халқы жиі саяхаттайды, ірі әуежайы да бар.
Құжат қабылдау халықаралық «VFS Global» виза операторының үйлестіруімен жүзеге асады. Биометриялық деректерді жинауға заманауи мобильді жабдықтар қолданылады. Алдын ала кезекке ресми сайт арқылы жазылуға болады. Бұл артық әуре-сарсаң мен шығынды азайтады.
Гауһар Төребекова, Шымкент қаласының тұрғыны:
– Франция жақындай түсті деп айтуға болады. Өйткені осы жерде бір күнде құжаттарды дайындап, тапсыруға болады. Франция өзінің мәдениетімен, асханасымен әлемге белгілі.
Жаңа орталық Қонаев даңғылы, 15/2 мекенжайындағы ғимараттың 6-шы қабатында ашылды. Құжат қабылдау кестесі маусымдық сұранысқа қарай реттеледі. Сонымен қатар Еуропаға тікелей рейстер бар.
Бексұлтан Әділханов, Шымкент қалалық Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы:
– Шымкент қаласынан Германияның Мюнхен, Венгрияның Будапешт қалаларына тікелей әуе рейстері бар. Бұл әуе рейстерінің саны әрі қарай да өседі деген жоспарымыз бар.
Бұған дейін оңтүстікқазақстандықтар Шенген визасын алу үшін өзге қалаларға арнайы барып, артық шығындалатын. Енді бұл мәселе артта қалды. Жаңа орталық туристердің де, кәсіпкерлер мен студенттердің де Еуропамен байланысын нығайтады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов