Тауар экспорттаушылардың шығыны өтеледі
Елде ІТ өнім әзірлеушілерге қолдау бар. Әсіресе экспорттаушылардың маркетингке кеткен шығыны мемлекет тарапынан өтеледі.
Ал шикізаттық емес өзге тауар түрлерін өндірушілердің логистикалық шығыны қайтарылады. Сонымен қатар кейінгі жылдары онлайн сауда көлемі күрт артты. Өз кезегінде тауарды жеткізу қызметінде де бәсеке күшейді.
Тауар экспорттаушылардың шығыны өтеледі
Қазақстанда шикізаттық емес тауарлар экспортын ұлғайту үшін кәсіпорындарға демеу-қаржы беріледі. Тізімге цифрлық өнімдер де енгізілді. Енді ІТ компаниялардың халықаралық сертификация, жарнама және филиал ашуға кеткен шығындары 60 пайызға дейін өтеледі. Ал өзге компаниялардың логистикаға кеткен төлемі 80 пайызға дейін субсидияланады. Соның ішінде пойыз ғана емес, жүк көліктері мен әуе кемелері де қамтылып отыр. Бұл туралы Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығы хабарлады. Былтыр дәл осы бастама аясында 100-ден астам компанияға 6,2 млрд теңге берілген. Мамандардың айтуынша, отандық тауарөндірушілер үшін жаңа нарықтар ашылып жатыр. Мәселен Пәкістанға ІТ өнімдер, ал Индонезияға ауыл шаруашылығы өнімдері экспорттала бастады.
Айнұр Әмірбекова, QAZTRADE сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары:
- Былтыр Пәкістанда ІТ саласы және логистика саласында компаниялар келісімге қол қойды. Қазір үлкен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Индонезия бағытында да жұмыс жасап жатырмыз. Жаңа нарықтың бірі – сол. Индонезия тарапынан Қазақстанның ет өнімдеріне үлкен сұраныс бар. Қазақстаннан кететін тауарлардың логистикасы қымбатырақ болып отыр. Сондықтан біз қаржылық көмек көрсетеміз.
Отандық өнім және онлайн сауда
Сонымен қатар қазақстандық тауар өндірушілер мамандармен бірге шетелге сауда миссиясымен барады. Биыл жарты жыл ішінде 6 мемлекетке делагация аттанып, жалпы құны 1,5 млрд доллар болатын экспорттық келісімшарттар жасалған.
Оның ішінде АҚШ, Солтүстік Македония және көрші елдер бар. Негізгі тауар түрлері азық-түлік өнеркәсібіне тиесілі. Одан кейін машина жасау, химия өнеркәсібі және құрылыс салаларының өнімдері көбейіп келеді. Отандық тауарды маркетплейстер арқылы экспорттау үлесін арттыру үшін Qaztrade өз цифрлық жобасын әзірледі. Qazmade деп аталатын жаңа платформада қазірдің өзінде 500-ден астам өнім түрі ұсынылған.
Айнұр Әмірбекова, QAZTRADE сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары:
- Бұл платформаның ішінде қазір цифрлық каталог ретінде компаниялардың тізімі, тауарлардың атауы, сонымен қатар бүкіл сипаттамасы бар. Сондай-ақ осы платформа арқылы бізге сұраныстар келеді. Осы платформа арқылы негізгі сұраныс Қытайдан келіп жатыр. Сонымен қатар Ресей, АҚШ тарапынан келіп жатыр.
Онлайн сауда көлемі күрт артты
Иә, онлайн сауда қызып тұр. Түрлі маркетплейстер арқылы ішкі нарықта ғана емес, шетелмен алыс-беріс көлемі артты. Сауда және интреграция министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы қазақстандықтар онлайн саудаға 2,4 трлн теңге, ал былтыр 3,7 трлн теңге жұмсаған. Бөлшек сауда көлемінің 14 пайыздан астамы дәл осы салаға тиесілі. Электронды сөредегі тауар түрлері де сан алуан. Әсіресе, гаджеттерге сұраныс бәсеңдеген емес. Одан кейін киім-кешек, спорт тауарлары, үй мен саяжайға арналған заттар, тұрмыстық техника және азық-түлік тұр.
Тауар жеткізу қызметінде бәсеке жоғары
Сонымен қатар тауар жеткізу тәсілдері де өзгеріп жатыр. Бұрын тұтынушы өз тапсырысын бірнеше күн күтуге мәжбүр болса, қазір кейбір өнім түрлерін санаулы сағат ішінде ала алады. Азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларын жылдам жеткізуді қамтамасыз ететін e-grocery бағыты әлдеқайда дамыды. Бұған қоса былтыр марткетплейстер 2 300 жаңа постамат орнатқан.