Ұлттық банк жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитеті құрылады
Қазақстанда цифрлық активтер нарығын дамыту үшін жаңа жобалар іске қосылып, Ұлттық банктің жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері жөніндегі комитет құрылмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Цифрлық активтер индустриясын дамыту аясында операцияларды реттелетін ортаға көшіру, токенизацияны кеңейту, жаңа төлем құралдарын енгізу және инвесторларды қорғау тетіктерін күшейту көзделіп отыр.
Атап айтқанда, Қазақстанда шығарылған стейблкоиндерді тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуге, экспорттық-импорттық операциялар мен трансшекаралық аударымдарға пайдалану жоспарланған. Бұл есеп айырысуды жеделдетіп, бизнес шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ цифрлық активтерге арналған арнайы салық режимін енгізу ұсынылды.
2026 жылдың соңына дейін Iconic Tower кешенін 50 млн долларға дейін токенизациялау жоспарланған. Бұдан бөлек, құны 10 млн долларға дейінгі Birlik логистикалық орталығын токенизациялау жобасы жүзеге асырылмақ.
Екі жоба да Ұлттық банктің реттеушілік құмсалғышы мен KASE инфрақұрылымы арқылы іске асырылады.
Сонымен қатар Ұлттық банктің жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері жөніндегі комитет құрылады. Оның негізгі міндеті – цифрлық активтер нарығы мен төлем жүйелерін дамыту бағытындағы жұмысты үйлестіру.
Жалпы, цифрлық активтер саласын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспары 11 мемлекеттік органның қатысуымен әзірленген. Құжат 10 бағыт бойынша 65 іс-шараны қамтиды. Негізгі мақсат – капиталды шетелдік және реттелмейтін алаңдардан Қазақстанның ашық әрі реттелетін нарығына тарту.
Сонымен қатар жалпыұлттық режим, АХҚО және Alatau City арасындағы өзара іс-қимылды күшейту көзделген.
«Юрисдикциялар арасындағы практикалық өзара іс-қимылды арттыру, жобаларды бірлесіп дамыту және нарық қатысушылары үшін жіксіз тетіктер жасау қажет. Мұндай алғашқы қадамдар қазірдің өзінде пайда болуда, мәселен: криптофиаттық шлюздер дамуда, Binance өңірлік моделін қоса алғанда, халықаралық қатысушылармен жобалар пысықталуда», – деді Тимур Сүлейменов.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз