Қазақстанда цифрлық активтерді дамыту жоспары мақұлданды
Қазақстанда цифрлық активтерді экономиканың түрлі салаларында пайдалану аясын кеңейту көзделіп отыр. Бұл мақсатта Үкімет цифрлық активтер саласын дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын мақұлдады, деп хабарлайды «24KZ».
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жоспардың негізгі бағыттары талқыланды. Құжат 10 бағыт бойынша 65 іс-шараны қамтиды.
Жоспарды іске асыру арқылы капиталды Қазақстанның ашық әрі айқын қаржы айналымына тарту, цифрлық активтерді төлемдер мен нақты секторды қаржыландыруда пайдалану аясын кеңейту көзделген.
Сонымен қатар жаңа инвестициялық құралдарды қалыптастыру, клиенттер мен инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту және цифрлық қаржы қызметтерінің экспортын дамыту жоспарланып отыр.
Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық банкке мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мемлекет басшысының цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі Жарлығында белгіленген шаралардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Ұлттық банк мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мемлекет басшысының цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі Жарлығында белгіленген шаралардың уақтылы әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі тиіс. Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін әрбір басшының дербес жауапкершілігі көзделген. Осыған баса назар аударамын», – деді Олжас Бектенов.
Жоспарды жүзеге асыру Қазақстанның цифрлық активтер нарығын дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығаруға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және бәсекеге қабілетті цифрлық активтер индустриясын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жоспардың орындалуын Ұлттық банк үйлестіреді. Сондай-ақ орталық банк іс-шаралардың белгіленген мерзімде жүзеге асырылуына мониторинг жүргізеді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз