Қазақстанда 36,7 млн тоннадан астам мал азығы дайындалды
Қазақстанда мал қыстату кезеңіне дайындық аясында 36,7 млн тоннадан астам жемшөп әзірленді. Бұл жоспарланған көлемнің 89%-ын құрайды, деп хабарлайды «24KZ».
Облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, бүгінде 25,9 млн тонна шөп дайындалған. Бұл жоспардың 101,2%-ы. Сонымен қатар 2,3 млн тонна пішендеме, 2,9 млн тонна құрама жем, 1,8 млн тонна сүрлем және 3,7 млн тонна сабан әзірленді.
Мал қыстату кезеңін қажетті азықпен қамтамасыз ету және сақтандыру қорын қалыптастыру мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ 201,3 мың тонна астық көлемінде жемдік қор жасақтады. Қажет болған жағдайда бұл резерв ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жемшөппен қамтамасыз етуге бағытталады.
2026–2027 жылдардағы мал қыстату кезеңі басталғанға дейін 25,7 млн тонна шөп, 2,3 млн тонна пішендеме, 2,8 млн тонна сүрлем, 4,8 млн тонна сабан және 5,7 млн тонна құрама жем дайындау жоспарланып отыр.
Жемшөп дайындау науқаны еліміздің барлық өңірінде жалғасып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жұмыстың барысын бақылауда ұстап отыр.
Жүргізіліп жатқан мониторинг пен жемшөп қорын уақтылы қалыптастыру мал шаруашылығы субъектілерін қажетті азықпен қамтамасыз етіп, алдағы қыс мезгілін ойдағыдай өткізуге бағытталған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз