Саудадағы цифрлық доллар: Қазақстанға стейблкоиндер не үшін қажет?

Фото: Qazaq Expert Club

Қазақстан цифрлық активтерді сыртқы саудада практикалық тұрғыда қолдануға қадам жасады: АХҚО-да стейблкоиндерді пайдалана отырып, трансшекаралық есеп айырысу тетігін әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны мәлімделді. 

Экономист, Qazaq Expert Club тең құрылтайшысы Бауржан Шурмановтың пікірінше, реформаны жеделдетуге әсер еткен себептердің бірі – айтарлықтай статистика: қазақстандықтарға шамамен 1 млн криптоәмиян тиесілі, ал орталық юрисдикциясындағы реттелетін операциялар көлемі 30 еседен астам өсті – 2023 жылғы $320 млн-нан өткен жылы $10,5 млрд-қа дейін, ал биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында қазірдің өзінде $5,5 млрд-қа жетті.

Егер бұл бастаманы финтех тілінен қарапайым экономикалық тілге аударсақ, әңгіме бизнестің екі негізгі мәселесін шешуге талпыныс туралы болып отыр: халықаралық аударымдардың жылдамдығы мен құны.

Стейблкоин – көбінесе USDT немесе USDC секілді АҚШ долларының цифрлық баламасы – биткоин сияқты бағаның күрт құбылуына ұшырамайды. Оның құны фиат валютасына 1:1 арақатынасында байланған.

Дәстүрлі банк жүйесінде қазақстандық кәсіпкер шетелден шикізат немесе жабдық жеткізілімінің ақысын төлеуі үшін ақша SWIFT жүйесі арқылы корреспондент банктер тізбегінен өтеді. Бұл 2-ден 5 жұмыс күніне дейін созылады, ал комиссиялар мен бағамдық спредтер соманың 1,5%-дан 4%-ға дейінгі бөлігін құрауы мүмкін. 

Блокчейн ішінде стейблкоиндермен есеп айырысу санаулы минутта жүзеге асады, ал транзакция үшін комиссия төлем көлеміне қарамастан көбіне символикалық соманы құрайды.

Халықаралық тәжірибе мұның енді футурология емес, сауда хабтары пайдаланып жүрген нақты құрал екенін көрсетеді. Сингапурда Валюта басқармасы (MAS) цифрлық валюталармен жедел B2B есеп айырысу инфрақұрылымын лицензиялады: жергілікті трейдерлер мен кеме тасымалдау компаниялары фрахт пен трансшекаралық жеткізілімдер ақысын тәулік бойы 24/7 режимінде нақты уақытта төлеп, өтімділік алшақтығын қысқартады. Латын Америкасында, атап айтқанда Бразилия мен Мексикада Азиядан электроника мен автокомпоненттер импорттаушылар стейблкоиндерге жаппай көшіп жатыр: Қытайға төлемдер банктерде үш күн күтудің орнына санаулы минутта жетіп, транзакциялық шығындарды 10–15%-ға азайтады. БАӘ-де еркін экономикалық аймақтар стейблкоиндермен есеп айырысуды көтерме сауда тізбектеріне тікелей енгізіп, шағын және орта бизнестің валюталық бақылауға байланысты шығындарын қысқартты.

Бұл Қазақстан экономикасы үшін нені білдіреді? Ең алдымен, капитал айналымы жеделдейді: бизнес айналым қаражатын транзиттік арналарда бұғаттап ұстаудан арылады. Бұдан бөлек, күрделі геосаяси ахуал жағдайында батыстық корреспондент банктер тарапынан төлемдердің кешігуі мен қабылданбау тәуекелдері төмендейді. 

Ақырында, салықтық ынталандырулары бар лицензияланған инфрақұрылым құру шетелдік биржалардағы көлеңкелі өтімділікті елдің құқықтық алаңына қайтаруға мүмкіндік береді.

Қарапайым тұтынушы үшін де пайдасы нақты: бұл импорттық тауарлар бағасының өсуін тежеуге ықпал етуі мүмкін, өйткені банк комиссияларын, жүктің кідіріп қалуынан туындайтын шығындарды және валютаны айырбастауға кететін шығыстарды импорттаушылар түптеп келгенде тауардың бөлшек сауда бағасына қосады.

Әрине, реттеушінің алдында күрделі міндет тұр: цифрлық арналар капиталды бақылаусыз шығарудың құралына айналмауы үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимылдың (AML) және валюталық бақылаудың сенімді рәсімдерін қамтамасыз ету қажет. Алайда тыйым салудан сенімді цифрлық активтерді нақты сыртқы сауда айналымына интеграциялауға көшуінің өзі – Қазақстанның қаржы жүйесінің кемелденіп келе жатқанын көрсететін маңызды белгі.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз 

Сондай-ақ оқыңыз: