ШҚО-да құны $2 млрд болатын «жасыл» сутегі мен аммиак өндіретін кешен салынбақ

Фото: gov.kz

Шығыс Қазақстан облысында жылына 55 мың тоннаға дейін «жасыл» сутегі немесе 310 мың тоннаға дейін «жасыл» аммиак өндіретін энергетикалық кешен салу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Министрлік дерегі бойынша, жобаның алдын ала құны шамамен $2 млрд деп бағаланады.

Жоба Қазақстанның «Жасыл энергетикалық кешені» аясында іске асырылмақ. Оның құрамында жалпы қуаты шамамен 1 ГВт болатын жаңартылатын энергия көздері нысандары қарастырылады.

Жобаны іске асыру перспективалары Қазақстан Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары барысында талқыланды. Осыған байланысты ҚР Энергетика министрлігі, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және YPP Corporation арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Құжат сутегі энергетикасы мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Тараптар зерттеу және талдау жұмыстарын жүргізіп, технологиялық тәжірибе мен сараптамалық білім алмасуды, сондай-ақ бірлескен жобаларды пысықтауды көздеп отыр.

Қазір жоба бойынша энергетикалық кешенді іске асыру мүмкіндігі қарастырылуда. Оның экономикалық және техникалық орындылығы анықталған жағдайда, инвестициялық жобаны жүзеге асыруға жол ашылмақ.

«Жасыл» сутегі жаңартылатын энергия көздері арқылы өндірілетіндіктен, металлургия, химия өнеркәсібі, энергетика және көлік салаларында төмен көміртекті отын әрі шикізат ретінде пайдаланылуы мүмкін. Ал «жасыл» аммиак тыңайтқыш өндірісінде және химия өнеркәсібінде қолданылады. Сонымен қатар ол халықаралық нарықта төмен көміртекті энергия тасымалдаушы ретінде қарастырылады.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: