Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі 15,6%-ға өсті
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі 15,6%-ға өсіп, 6 трлн 89,4 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, орындалған құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі жеке құрылыс ұйымдарына тиесілі. Олардың үлесі – 88,6%. Шетелдік ұйымдар 10,6%, ал мемлекеттік құрылыс ұйымдары 0,8% көлемінде жұмыс атқарған.
Статистикалық мәліметке сәйкес, құрылыс саласындағы өсім негізінен ғимараттарды салу және жөндеу жұмыстарының 20%-ға артуымен байланысты.
Қай нысандар көп салынды?
2026 жылғы қаңтар-тамызда орындалған құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінде ең жоғары үлес автомобиль және темір жолдар, сондай-ақ метрополитен құрылысына тиесілі – 25,5%.
Тұрғын емес ғимараттар құрылысының үлесі 21,4% болса, тұрғын үйлер құрылысы 12,8%-ды құрады.
Өңірлер бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі республиканың 18 өңірінде артқан.
Ең жоғары өсім Ұлытау облысында тіркелді – 2,9 есе. Павлодар облысында құрылыс жұмыстары 41,4%-ға, Атырау облысында 37,3%-ға, Қызылорда облысында 26,9%-ға өскен.
Сонымен қатар Түркістан облысында өсім 23,5%, Қостанайда – 21,4%, Абай облысында – 20,6%, Шығыс Қазақстан облысында – 20,4%, Батыс Қазақстан облысында – 13,4%, Маңғыстау облысында – 13,1% болды.
Ірі қалалар арасында Алматыда құрылыс жұмыстары 16,7%-ға, Шымкентте 13,9%-ға, Астанада 13,4%-ға артқан.
11,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда пайдалануға берілген жаңа нысандардың жалпы алаңы 14 млн 214,7 мың шаршы метрді құрады.
Осы кезеңде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға өсіп, 11 млн 326,1 мың шаршы метрге жетті.
Оның ішінде 7 млн 500,4 мың шаршы метрі көппәтерлі тұрғын үйлерге, 3 млн 783,7 мың шаршы метрі жеке үйлерге тиесілі.
Тұрғын үй құрылысының басым бөлігін жеке құрылыс салушылар жүзеге асырған. Олардың үлесіне 10 млн 841 мың шаршы метр немесе жалпы көлемнің 95,7%-ы тиесілі. Оның ішінде халықтың өз күшімен 3 млн 992,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
36 мектеп пен 33 балабақша іске қосылды
Білім беру және денсаулық сақтау салаларында да жаңа нысандар пайдалануға берілді.
Жыл басынан бері 19 620 оқушыға арналған 36 жалпы білім беретін мектеп іске қосылған. Сонымен қатар 4 457 орынға арналған 33 мектепке дейінгі ұйым пайдалануға берілді.
Денсаулық сақтау саласында ауысымына 198 адам қабылдай алатын 6 амбулаториялық-емханалық ұйым іске қосылды. Бұдан бөлек, ауруханаларда 120 төсек-орын пайдалануға берілді.
Осылайша, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында құрылыс саласындағы өсіммен қатар, тұрғын үй, білім беру және денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша бірқатар нысан іске қосылған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз