Қазақстанда шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін қысқарды

фото: primeminister.kz

Қазақстандағы өткізу бекеттерінің өткізу қабілеті 2,6 есе артты. Үш жыл ішінде жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жылына 2 миллионнан 5 миллионға дейін автокөлік өткізуге мүмкіндік туды. Ал шекарадан өтуге кететін орташа уақыт 9 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды, деп хабарлайды 24KZ primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасындағы 9 автомобиль өткізу бекетін жаңғырту жұмыстары аяқталды. Биыл қазанда Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» өткізу бекетін жаңғырту жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Көлік министрлігі ЕАЭО-ның ішкі шекарасындағы автомобиль өткізу бекеттерін жаңартуды жалғастырып жатыр.

Қазір Қазақстанның мемлекеттік шекарасында 70 өткізу бекеті жұмыс істейді. Оның 51-і автомобиль, 5-еуі теміржол, 10-ы әуе, 3-еуі теңіз өткізу бекеті болса, біреуі «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының аумағында орналасқан. 51 автомобиль өткізу бекетінің 14-і ЕАЭО-ның сыртқы шекарасында, тағы 37-сі Ресей және Қырғызстанмен шекарада орналасқан.

Үш жылда шекарадан өту уақыты 9 сағаттан 30 минутқа қысқарды

Соңғы үш жылда өткізу бекеттерін жаңғыртуға 118,6 млрд теңге бөлінді. Осы кезеңде ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы 11 автомобиль өткізу бекеті жаңартылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылым кеңейтілді және нысандар заманауи тексеру жабдықтарымен жарақтандырылды.

Жекелеген өткізу бекеттерінде қозғалыс жолақтарының саны 2-ден 6-ға дейін көбейтілді. Көлік кіретін және шығатын аумақтар қайта ұйымдастырылып, жүк және жолаушылар көлігінің ағыны бөлінді.

Заманауи инспекциялық-тексеру және автоматты салмақ-габариттік бақылау кешендері, радиациялық бақылау, бейнебақылау және көлікті сәйкестендіру жүйелері орнатылды. Бақылау рәсімдерінің бір бөлігі тоқтаусыз режимге көшірілді. Қажетті көрсеткіштер көлік қозғалысы кезінде тіркеліп, ақпараттық жүйелерге автоматты түрде жіберіледі.

Инфрақұрылымның кеңеюі мен бақылаудың автоматтандырылуының арқасында автомобиль өткізу бекеттерінің жалпы өткізу қабілеті жылына шамамен 2 миллионнан 5 миллион көлікке дейін артты. Ал жүк көліктерінің шекарадан өтуіне кететін орташа уақыт 9 сағаттан шамамен 30 минутқа дейін қысқарды.

Өткізу бекеттерінің мүмкіндігі кеңейген сайын көлік ағыны да тұрақты өсіп келеді. 2022 жылы ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы автомобиль өткізу бекеттері арқылы шамамен 640 мың көлік өткен. 2023 жылы бұл көрсеткіш 1 миллионнан асты, 2024 жылы 1,4 миллионға, ал 2025 жылы 1,7 миллионға жетті. Осылайша, үш жыл ішінде өткізілген автокөлік көлемі 2,6 еседен астам артқан.

Өсім 2026 жылы да жалғасып отыр. Биылғы 8 айда өткізу бекеттері арқылы 1,3 миллионға жуық көлік өткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,3%-ға көп.

Цифрландыру кедендік рәсімдеу уақытын 11 сағаттан 3,5 сағатқа қысқартты

Өткізу бекеттерінің инфрақұрылымын жаңартумен қатар Мемлекеттік кірістер комитеті шекарадан өту рәсімдерін цифрландыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

KEDEN ақпараттық жүйесінде алдын ала ақпарат беру, кедендік транзит, декларациялау және тауарларды шығару рәсімдері автоматтандырылды. Тәуекел анықталмаған жағдайда декларацияны шығару туралы шешімді жүйе автоматты түрде қабылдайды.

Цифрлық шешімдердің енгізілуі нәтижесінде кедендік рәсімдеудің орташа уақыты 2024 жылғы 11 сағаттан 2026 жылы 3 сағат 30 минутқа дейін қысқарды.

CarGoRuqsat электронды кезек жүйесі тасымалдаушыларға шекарадан өту уақытын алдын ала брондап, көлік ағынын реттеуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде бұл жүйе арқылы 4,5 миллионнан астам бронь рәсімделген.

Халықаралық автотасымалдарға арналған шетелдік рұқсат бланкілерін беру процесі де цифрландырылды. Сондай-ақ жүктерді цифрлық сүйемелдеуді және тасымалдаушылар мен мемлекеттік органдар арасында дерек алмасуды қамтамасыз ететін Smart Cargo жүйесі дамып келеді.

Интеграцияланған бақылау жүйесі камералардан, инспекциялық-тексеру кешендерінен, салмақ-габариттік және радиациялық бақылау жабдықтарынан алынған ақпаратты біріктіреді. Соның нәтижесінде көліктің кірген сәтінен бастап шығарылғанға дейінгі бірыңғай цифрлық маршруты қалыптасады.

Теміржол саласында да автоматтандыру енгізіліп жатыр. Қытай – Қазақстан – Орталық Азия бағыты бойынша транзиттік декларацияларды автоматты түрде шығару тетігі іске асырылуда. Бұған дейін бір контейнерлік пойызды рәсімдеуге шамамен 3 сағат кетсе, автоматтандырылған жүйе енгізілгеннен кейін бұл уақыт 30 минутқа дейін қысқарды.

8 айда Қазақстан арқылы өтетін транзит 19%-ға өсті

Өткізу бекеттерінің дамуы Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымал көлемінің артуына да ықпал етіп отыр.

2025 жылдың қорытындысы бойынша 1,4 миллион транзиттік декларация рәсімделді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 8,6%-ға көп. Кеден шекарасы арқылы өткен жүктердің жалпы салмағы 2024 жылғы 20,3 миллион тоннадан 2025 жылы 23,1 миллион тоннаға дейін өсті.

2026 жылдың 8 айында 1,1 миллион транзиттік декларация рәсімделді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19%-ға жоғары.

Негізгі бағыт – Қытайдан келетін транзит. Биылғы 8 айда ҚХР-дан Қазақстан арқылы 814,5 мың декларация рәсімделген. Былтыр бұл көрсеткіш 655,3 мың болған.

Жүк тасымалын одан әрі жеделдету үшін «жасыл дәліз» қағидаты енгізіліп жатыр. Заманауи тексеру және өлшеу жабдықтары бірыңғай автоматтандырылған бақылау жүйесіне біріктіріледі. Алдын ала ақпарат беру және «бір терезе» қағидаты қолданылады.

Келесі кезеңде «Кедергісіз транзит» жобасы іске асырылады. Ол жүк рәсімдеу кезінде серіктес елдердің экспорттық және транзиттік декларацияларындағы деректерді автоматты түрде пайдалануды көздейді.

Өткізу бекеттерінде сервистік және телекоммуникациялық инфрақұрылым дамып келеді

Автомобиль тасымалдаушылары үшін қолайлы жағдай жасауға да ерекше көңіл бөлініп отыр.

Қазақстан-Қытай шекарасында көлік-логистикалық орталықтар, уақытша сақтау қоймалары және автохабтар жұмыс істейді. Жүк көліктеріне арналған күту және тұрақ орындары өткізу бекеттерінің сыртына шығарылуда. Бұл кіреберіс жолдарға түсетін салмақты азайтып, шекара нысандарының жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар телекоммуникациялық инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр. Жаңартылып жатқан кеден бекеттерінде байланыс арналарының өткізу қабілеті 165 Мбит/с-қа дейін арттырылды. 13 өткізу бекетінде шекара маңындағы нысандарды электронды сервистермен қамтамасыз ететін спутниктік байланыс қолданылады.

Көршілес мемлекеттермен жұмысты үйлестіру де жүргізіліп жатыр. «Нұр Жолы – Қорғас» бағытында өткізу бекеті тәулік бойы жұмыс істейді. Қытай тарапымен тәулігіне қабылданатын көлік санын арттыру және инспекциялық-тексеру кешендерінің нәтижелерін өзара пайдалану жөнінде келісімдер жасалды.

Қазақстан-Өзбекстан шекарасында жүктемеге қарай көлік ағыны өткізу бекеттері арасында қайта бөлінеді. Ауысымдар күшейтіліп, қабылданатын жүк көліктерінің саны арттырылып жатыр.

ЕАЭО-ның ішкі шекарасындағы өткізу бекеттерін жаңғырту 2030 жылға дейін аяқталады

Бағдарламаның келесі кезеңі ЕАЭО-ның ішкі шекарасындағы автомобиль өткізу бекеттерін жаңартуға бағытталған.

2030 жылға дейінгі шекара маңындағы аумақтарды дамыту жөніндегі жол картасына сәйкес Ресей және Қырғызстанмен шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерін кезең-кезеңімен реконструкциялау көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз: