Ядролық қақтығыс қаупі: Түркия неден сескенеді?
АҚШ пен Иран арасындағы текетірестің қайта өршуі Таяу Шығыстың тынышын бұзып тұр. Әсіресе көпшілікті Иранның ядролық нысандарына соққы жасалады деген хабар алаңдатады.
Бұған Түркияның да көңілі күпті. Өйткені екі елдің шекарасы шектеседі. Иранға атылған оқ, таралған у Түркияға да жетуі әбден ықтимал. Ал ядролық қару қолданылса, ресми Анкара үшін салдары қандай болмақ?
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Иран мен Түркия бір құрлықта қатар орналасқан. Шекараларының 534 шақырымы шектеседі. Сондықтан Иранға төнген қауіп Түркияға да әсер етуі мүмкін. Сарапшылар осылай деп отыр. Олардың айтуынша, мұндайда желдің бағыты мен күн райы шешуші рөл атқарады. Кейінгі уақытта халықаралық ақпарат кеңістігінде Вашингтонның Иранның жерасты ядролық нысандарына соққы беруі мүмкін деген болжам көп тарап жатыр. Тіпті америкалық комментатор Такер Карлсон АҚШ ядролық қару қолдануы ықтимал деген пікір білдірді. Дегенмен Ақ үй мұндай шешім қабылданғанын растаған жоқ. Ал түркиялық сарапшылар мұның салдарын былай деп болжап отыр.
Хасан Хүсейін Текин, сарапшы, зерттеуші:
- Иран Түркияға өте жақын орналасқан. Егер ядролық нысандарға соққы жасалып, радиоактивті заттар таралса, оның салдары көрші мемлекеттерге де әсер етуі мүмкін. Ал соғыс жағдайында мұндай апатқа жедел әрекет ету де қиындайды.
Халықаралық атом энергиясы агенттігі де ядролық нысанға жасалған әскери шабуыл радиоактивті заттардың таралуына әкелуі мүмкін екенін ескерткен. Агенттік басшысы Рафаэль Гроссидің айтуынша, мұндай жағдайдың салдары шабуыл жасалған елдің аумағымен ғана шектелмейді. Сондықтан радиациялық қауіп қана емес, әскери қақтығыстың өршуі, босқындар ағыны және энергетикалық нарықтағы тұрақсыздық та Анкараға салмақ салуы әбден мүмкін. Сол себепті Түркия билігі Иранға қарсы әскери операцияның аймаққа әкелетін салдарына алаңдайды. Өткен қазан айында Ыстанбұлда басқосқан Түркия, Мысыр, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Германия, Франция, Ұлыбритания және Италия Сыртқы істер министрлері де Иранға қарсы шабуыл мәселесін жан жақты талқылады. Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан дағдарыстан шығудың жалғыз жолы диалог пен дипломатия екенін ескерткен.
Хакан Фидан, Түркия Сыртқы істер министрі:
- Иранға қарсы әскери араласу ешқандай жағдайда мәселенің шешімі емес. Түркия дипломатияны ең дұрыс жол деп санайды. Иранға жасалатын кез келген жаңа шабуыл аймақтағы соғыс пен қақтығыстың қайтадан өршуіне алып келеді.
Хасан Хүсейін Текин, сарапшы, зерттеуші:
- Егер АҚШ дегенін істеп, ядролық бомба қолданса, Израиль де қарымта шабуылға ұшырауы мүмкін. Иран алдымен Израильдегі Димона ядролық орталығына соққы беруі ғажап емес. Егер бұл нысанға соққы жасалса, оның салдары ядролық жарылыстың салдары сияқты ауыр болады. Жерорта теңізі аймағына үлкен зиян келуі ықтимал. Араб елдері, Иордания, Палестина, Ливан, тіпті Түркияның оңтүстік-шығыс өңірлері мен Хатай провинциясына дейін зиян шегуі мүмкін.
Демек Түркияның алаңдауына негіз бар. Өйткені қауіп бір емес, бірнеше салаға кесірін тигізуі мүмкін. Сондықтан ресми Анкараның ұстанымы айқын. Ел билігі шекара қауіпсіздігін қорғап, қақтығыстың одан әрі өршуіне жол бермеуді және тараптардың келісімге келгенін қалайды.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева