Қазақстандағы онлайн сауда көлемі 3,8 трлн теңгеге жетті
Қазақстанда электронды сауда қарқынды дамып келеді. Бір жылда бөлшек саудадағы онлайн сатылым көлемі 19,4%-ға артса, соңғы үш жылда екі есеге жуық өскен, деп хабарлайды 24KZ finprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазір нарықтағы негізгі үлес маркетплейстерге тиесілі. Олар тауар сатумен қатар, шағын және орта бизнес өкілдері үшін бизнесті бастауға және кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы бөлшек электронды сауда көлемі 3,8 трлн теңгеге жетті. Бұл елдегі бөлшек сауданың жалпы көлемінің 14,3%-ын құрайды.
Бір жылда бұл көрсеткіш 19,4%-ға өскен. Ал 2022 жылмен салыстырғанда электронды бөлшек сауда көлемі екі есеге жуық артты. Осы кезеңдегі орташа жылдық өсім 24,3% болды.
Онлайн сатылымның басым бөлігі маркетплейстер арқылы жүзеге асырылады. 2025 жылы олардың электронды бөлшек саудадағы үлесі 86%-ға жетті. Ал қалған 14% кәсіпорындардың өз интернет-ресурстары арқылы жасалған сатылымдарға тиесілі.
Осылайша, маркетплейстер Қазақстандағы электронды сауданың негізгі арнасына айналды. Олардың нарықтағы үлесі соңғы бірнеше жылда айтарлықтай өскен. Мәселен, 2022 жылы маркетплейстердің электронды саудадағы үлесі 57% болса, 2025 жылы 86%-ға жетті.
Кәсіпкерлер үшін мұндай платформалардың дамуы бизнесті жүргізу тәсілін де өзгертті. Бұған дейін кең нарыққа шығу үшін компанияларға жеке сауда нүктесі мен сайт ашу, төлем инфрақұрылымын құру, жарнамаға қаржы жұмсау және логистиканы өз бетінше ұйымдастыру қажет болатын.
Қазір бұл мүмкіндіктердің едәуір бөлігі бір цифрлық платформаға біріктірілген. Бұл нарыққа кіруді жеңілдетіп, әсіресе бастапқы инвестициясы шектеулі шағын және орта бизнес үшін тиімді болып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда, маркетплейстер тауар сататын жай ғана алаң емес, кәсіпкерлерге жаңа жобаларды іске қосуға, аудиториясын кеңейтуге және жұмыс істеп тұрған бизнесті дамытуға мүмкіндік беретін инфрақұрылымның бір бөлігіне айналды.