Қырғызстан Қазақстаннан көмір сатып алуды 3,5 есе қысқартты

фото: depositphotos.com

Қырғызстан биыл қаңтар-шілде айларында көмір мен қатты отын импортын айтарлықтай қысқартты. Әсіресе Қазақстаннан тас көмір сатып алу көлемі 3,5 есеге жуық төмендеген, деп хабарлайды 24KZ 24.kg ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Жеті айда Қырғызстан көмір өнімдері мен шымтезекке 7,6 млн доллар жұмсаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59,2%-ға аз. Оның ішінде Қазақстаннан алынған тас көмірдің құны 15,9 млн доллардан 4,6 млн долларға дейін төмендеген.

Импортталған тас көмір көлемі 32,9%-ға азайып, 104,3 мың тоннаны құрады. Қазақстан әлі де Қырғызстанға көмір жеткізетін негізгі ел болып отыр. Алайда оның үлесі 87,5%-дан 67,5%-ға дейін төмендеген. Одан кейін Ресей – 15%, Қытай – 12,1%.

Ал Қырғызстан көмір экспортын керісінше арттырған. Қаңтар-шілде аралығында шетелге 1,17 млн тонна көмір мен қатты отын жөнелтіліп, экспорт көлемі ақшалай есеппен 17,2%-ға өсіп, 59,5 млн долларға жетті.

Тас көмір экспорты 701,3 мың тоннаны құрады. Оның жалпы құны 33,1 млн доллар болған. Бір жылда тас көмір жеткізу көлемі 104%-ға, ал экспорттан түскен кіріс 106%-ға өскен.

Қырғыз көмірінің негізгі сатып алушысы – Өзбекстан. Көрші елге 672 мың тоннаға жуық тас көмір жөнелтілді. Сондай-ақ көмір Қытай мен Литваға экспортталған.

Қоңыр көмір экспорты да өскен. Жеті айда Қырғызстан шетелге 472,8 мың тонна лигнит жөнелтіп, одан 26,4 млн доллар кіріс тапқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35,2%-ға көп.

Осылайша, Қырғызстанның көмір экспорты импорттан едәуір асып түсті. Шетелге көмір сатудан түскен кіріс оны сатып алуға жұмсалған шығыннан 7,8 есе көп болды. Көмір мен қатты отын саудасының оң сальдосы 51,9 млн долларды құрады.

Сондай-ақ оқыңыз: