Қазақстанда IT қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты

Қазақстанда IT қызметтерінің экспорты 1 миллиард доллардан асты.

Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады. Ведомство елдің технологиялық әлеуеті де артып келе жатқанын атап өтті. Ұлттық Alemcloud суперкомпьютері әлемдегі ең қуатты есептеу жүйелерінің топ-500 тізіміне еніп, 86-орынға жайғасты. Қазір оның есептеу мүмкіндіктерін мемлекеттік органдар мен қазақстандық компаниялар жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді әзірлеу үшін пайдалана алады. Жаңа саланың мамандарын даярлау жұмыстары да жүріп жатыр. 2030 жылға қарай кемінде 10 мың маман оқытып, IT қызметтерінің экспортын 5 миллиард долларға жеткізу жоспарланған. Астанада бұл бағыттағы жұмыстарды халықаралық Alem.AI орталығы атқарады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында осындай бірқатар бастаманы жүзеге асыру қажеттігін айтқан болатын.

Ростислав Коняшкин, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі:

- Мұнда қазірдің өзінде TUMA және Tomorrow School жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Tomorrow School кампустары 14 өңірде ашылып жатыр. Басшыларға арналған AI Governance 500, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлерге арналған AI Leaders, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге арналған AI Hazmat бағдарламалары іске қосылды. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестікте жасанды интеллект университеті ашылды. Биыл Қазақстанда жаһандық технологиялық қауымдастықтың Network School мектебінің алғашқы кампусы жұмысын бастайды.

Сондай-ақ оқыңыз: