Биылғы сегіз айда Қазақстан арқылы 626 тонна транзиттік жүк тасымалданды
Биыл сегіз айда Қазақстан арқылы тасымалданған жүк көлемі 626 млн тоннаға жеткен.
Айтарлықтай өсім Жетісу облысында байқалады. Мұнда транзиттік жүк тасымалы бірден 13 пайызға артқан. Саладағы инвестициялық жобалар осылайша өз жемісін беріп жатыр. Сегіз айда 13,5 трлн теңге негізгі капиталға құйылса, соның 18 пайызға жуығы көлік пен қоймалауға бөлініпті. Осылайша жаңа халықаралық транзиттік дәліздер өңірдегі бизнестің дамуына серпін береді.
2008 жылы Алматы облысында құрылған индустриялдық аймақ бүгінде Орталық Азиядағы ең ірі транзиттік құрлықтық хаб саналады. Тоғыз жолдың торабында орналасқан терминал өңірдегі транзиттік тасымалдың ұлғаюына сеп болды. Кезіндегі шағын Жетісу станциясы әлдеқашан алып, компаниялардың өнімін өткізетін ірі логистикалық орталыққа айналған. Халық тұтынатын өнімдерден бастап, өндірістік техникаға дейінгі небір тауар осы терминал арқылы өтеді. "Даму Логистикс" компаниясы Еуропа стандартына сай «А» санатындағы қоймаларды жалға беріп, кешенді логистикалық қызмет көрсетеді.
Майра Жұмағалиева, «Damu Logistics» терминалының директоры:
- Өңіріміз үшін бұл көлік инфрақұрылымын әрі қарай жетілдіру қажеттігін білдіреді. Бүгінгі таңда Қазақстан темір жолымен бірлесе Жетісу станциясын дамыту мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұл болашақтағы өткізу қабілетін арттырып, қосымша жүк ағынының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Дамыған көлік дәліздері өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады, қазақстандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға сеп болады.
Соңғы бес жылда елде бес мың шақырымға жуық авто- және 5 мың шақырым темір жол жаңғыртылды. Дегенмен, алға одан да биік мақсаттар қойылып отыр. Биылдың өзінде үш бірдей ауқымды жоба қолға алынған. Ұзындығы 1574 шақырымды құрайтын құрылыс жобалары ел аумағы бойынша Шығыстан Батысқа дейінгі тасымал уақытын үш күнге дейін қысқартпақ.
Жайнар Асылбекова, ҚР Көлік министрлігі транзиттік саясат басқармасының жетекшісі:
- Айта кетсек, жалпы транзитті екі есе көбейту үшін барлық сервисті қамтамасыз ету керекпіз біздің аумағымыз арқылы. Инфрақұрылымдық тетіктердің бәрін жабу керекпіз. Сондықтан да осы жылдың соңына дейін Дарбаза-Мақтаарал, Қызылжар-Мойынты жобаларын аяқтау көзделуде. Бұл дегеніміз Қызылжар-Мойынты 150 кмге дейін қысқартады жолды. Дарбаза-Мақтаарал Орталық Азияға өзіміз арқылы өткізу қуатын 20 млн-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік болады.
Қазақстан соңғы жылдары логистика әлеуетін арттыруға 35 млрд АҚШ долларын бағыттаған. Нәтижесінде Орталық дәліз арқылы бүгіннің өзінде 77 мың контейнер үздіксіз тасымалданып жатыр. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш үш жүз мыңға дейін жеткізілмек. Жоспар іске асса, шарапатын жеке сектор да көретіні сөзсіз.
Оксана Сорокина, «Seven R Logistics» көлік компаниясының бас директоры:
- Ең алдымен транзиттік жолдар өтетін аймақтар пайда көреді. Алматы мен Алматы облысында тасымал торабы осыны айғақтайды. Бұл өңірлер арқылы Қытайдан Еуропаға ағылатын жүк көлемі айтарлықтай артқан. Сәйкесінше, ірі қоймалар, қайта өңдеу зауыттары салынып жатыр, еркін өңдеу режимі де экспортқа дайын өнім жөнелтуге септігін тигізеді. Бірақ нені қаперде шығармаған жөн? Кейде транзит көлемін алдын ала болжау қиын. Мәселен, Ирандағы жағдайға байланысты біз арқылы сол елге бағытталатын жүк тасымалы күрт ұлғайған. Ал бұл импорт-экспортқа кедергісін келтірмей ме? Тасымал уақытын бәсеңдетпей ме? Міне осы сияқты мәселелерді алдын ала ескеріп, жоспарлау маңызды.
Цифрлық, инфрақұрылымдық, заңнамалық жаңғыру тасымал логистикасын оңтайландырады, дейді сарапшы. Алдағы уақытта жүк контейнерлерін ірі шаһарларға соқпай-ақ Қытай мен Өзбекстан шекарасына тікелей жеткізу көзделуде. Ақтау мен Құрық порттары да контейнерлік хабтарын жаңғыртып, бірыңғай цифрлық жүйе көмегімен кедендік тексеріс уақытын біршама қысқартады.
Бақыт Топтаева, Мейрам Жүнісов