«Қызылорда – Жезқазған» жолының 208 шақырымында қозғалыс биыл ашылады

фото: «ҚазАвтоЖол»

Ұлытау облысында республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған» автожолының 216–424 шақырымдарын қайта жаңарту аяқталуға жақын. Биыл ұзындығы 208 шақырым учаскенің барлық бойында көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «24KZ».

«ҚазАвтоЖол» ҰК» мәліметінше,қазір жолдың негізгі құрылымдық қабаттарын салу іс жүзінде аяқталды. Негізгі күш асфальтбетон жамылғысын төсеуге бағытталған.

Асфальтбетонның төменгі қабаты 197 шақырымға төселді. Ал қиыршықтас-мастикалық асфальтбетоннан тұратын үстіңгі қабат 102 шақырымда дайын.

Жол негізін салу жұмыстары да мәресіне таяды. Оның үстіңгі қабаты 200 шақырымда, қиыршықтас-құм қоспасынан тұратын төменгі қабаты 204 шақырымда орындалды. Құм-қиыршықтас қоспасынан жасалған төсеніш қабаты 206 шақырымды қамтыды.

Жобадағы ең ауқымды жұмыстардың бірі – жер төсемін салу. Осы учаскеде шамамен 4 млн текше метр топырақ төселді.

Сонымен қатар көпірлер мен өзге де инженерлік құрылыстар салынып жатыр. Бүгінде 1 көпір, 1 жол өтпесі және 96 темірбетон су өткізу құбыры толық дайын. Тағы екі көпірде құрылыс жалғасуда.

216–424 шақырымдар аралығын қайта жаңарту – «Қызылорда – Жезқазған» автожолын жаңғыртудың негізгі кезеңдерінің бірі. Қозғалыс ашылғаннан кейін жүргізушілерге ұзындығы 200 шақырымнан асатын жаңартылған жол қолжетімді болады. Бұл жолдың өткізу мүмкіндігін арттырып, қозғалыс қауіпсіздігін күшейтеді және өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартады.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: