Бектенов келесі жылғы егіс науқанына шаруаларды ерте қаржыландыруды тапсырды

Фото: depositphotos.com

Премьер-министр Олжас Бектенов 2027 жылғы егіс науқанына дайындықты алдын ала бастап, шаруаларды ерте қаржыландыруды тапсырды, деп хабарлайды «24KZ».

Үкімет отырысында Премьер-министр биылғы егінді қабылдау мен сақтауды ұйымдастыруға да баса назар аударды.

Қазірден бастап 2027 жылғы ауыл шаруашылығы маусымын табысты өткізуге, оның ішінде оны қаржыландыруға тиісті негіз қалыптастыру қажет.
Ауыл шаруашылығын ерте қаржыландыру тәжірибесі егіншілерді тиімді қолдау құралы екенін көрсетті. “Бәйтерек” холдингі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етсін, — деп атап өтті Премьер-министр.

Сонымен қатар әкімдіктерге минералдық тыңайтқыштарды қолдану, элиталық тұқымдардың үлесін арттыру және ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша индикативтік көрсеткіштерді қамтамасыз ету тапсырылды.

Премьер-министр қант қызылшасын қабылдау жұмыстарына да тоқталды.

Жамбыл және Жетісу облыстарының әкімдіктері қант зауыттарының өнімді қабылдауға және өңдеуге толық дайын болуын, сондай-ақ қабылдау пункттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. Ұзын-сонар кезек пен жиналған өнімНің бүлінуіне жол бермеу өте маңызды,— деп тапсырды Олжас Бектенов.

Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жұмыстардың уақтылы аяқталуын және жиналған өнімнің сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ егін жинау науқаны аяқталғанға дейін ахуалға тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Туындаған мәселелер Үкімет жанындағы Жедел штаб аясында жедел шешіледі. Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: