Салықтық бақылаудың жаңа шаралары талқыланды
«Атамекен» палатасы Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа салықтық бақылау шараларына қатысты ұсыныстарын кәсіпкерлермен бірге талқылады.
Жұмыс кеңесіне Қаржы, Ұлттық экономика министрлігінің, бизнес қоғамдастықтың, ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жаңашылдықтарды тыңдай келе тараптар тиімді салықтық әкімшілендіру мен кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдайларды сақтау маңызды екеніне назар аударды. Теңгерімділікті сақтайтын ұсыныстарды одан әрі пысықтау туралы уағдаласты. «Атамекен» палатасының бағалауынша, кейбір нормалар бизнеске қосымша әкімшілік жүктеме түсіріп, кәсіпкерлік қызмет барысында жаңа тәуекелдердің туындауына әкелуі мүмкін.
Тимур Жаркенов, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:
- Салықтық әкімшілендіру – бұл Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан салықтарды жинауды ұйымдастыру тәртібі. Бұл ретте кәсіпкерлердің құқықтары мен міндеттеріне, сондай-ақ олардың мүдделеріне тікелей қатысты мәселелер қамтылады. Атап айтқанда, электронды шот-фактураларды жазып беруге қатысты белгілі бір шектеулер енгізу бойынша өзгерістер қарастырылуы мүмкін. Сондай-ақ тауарларға арналған ілеспе жүк құжаттарға өзгерістер енгізу мәселелері де қаралуы ықтимал. Бұдан бөлек интернет-платформаларға қолжетімділік және басқа да мәселелер бойынша тиісті өзгерістер қарастырылады.