Ел экономикасындағы 7 жыл: шикізаттан жаңа өндірістерге дейін
Еліміздің соңғы жеті жылдағы белесі қандай?
Жаһандық экономика, қаржы, геосаясат және технологиялық инновацияларды талдайтын жетекші халықаралық іскерлік басылым сол жағын қаузапты. The World Financial Review Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері посткеңестік экономикадан Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға дейінгі жолдан өткенін жазды. Авторлар табиғи ресурсы бай ел қандай бағыт таңдағанын тарқатады.
Көл-көсір пайданың көзі болған шикізатты өзіміз игерсек те, игілігін шетелден көрдік. Өткізуден гөрі тұтыну бағасы қымбатқа түсті. Бұлай есе жібергенше есеп түгендеу керек. Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыруды мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде қарастырды. Өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және жеке кәсіпкерлікті кеңейту шикізат нарықтарына тәуелділікті біртіндеп төмендетіп келеді. Өзгеріс нәтижесіз емес, дейді британдық басылым. Былтыр жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың доллардан асып, 7 жылда 53 пайызға дейін өскен. Тікелей шетелдік инвестициялар да еселенген. 2019–2025 жылдар аралығында 156 млрд долларға жуықтады.
The World Financial Review
Экономикадағы өзгерістердің басым бағыттарының бірі – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Оның Қазақстан экономикасындағы үлесі қазірдің өзінде тау-кен өнеркәсібінің үлесінен асып түсті. Бұл өндіріс құрылымының біртіндеп өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Кейінгі жеті жылда елде 625 жаңа өнеркәсіп кәсіпорын іске қосылып, 62 мыңға жуық жұмыс орыны ашылды. Өңдеу секторын дамыту өндірісті локализациялау, жабдық жеткізу және өңірлік өндірістік тізбектерге қосылуға мүдделі халықаралық компаниялар үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады.
Британдық басылым елдің кейінгі 7 жылына кеңінен тоқталыпты. 800 мыңдай машина шығарылды. Ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі 10 трлн теңгеге дейін өскен. Жеке кәсіпкерлер мен шағын компаниялар санының артуы есебінен 4 жарым млн адам жұмыспен қамтылған. 118 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді. 36 мың 300 шақырым көлік жолы салынып әрі жөндеуден өтті. 5 мың шақырым теміржол желісі төселіп, жаңғыртылды. Сондай-ақ 110 теміржол станциясының құрылысы аяқталған.
The World Financial Review
Көлік желісін дамыту Қазақстанның транзиттік-логистикалық хаб ретіндегі ролін нығайтады. Халықаралық компаниялар үшін бұл тарату орталықтарын орналастыруға, өңірлік жеткізілімдерді ұйымдастыруға және қазақстандық өндірісті халықаралық құн тізбегіне интеграциялауға жағдай жасайды.
Сондай-ақ шетелдік сарапшылар Қазақстанның цифрлық серпілісіне оң баға берді. Олар аумағы кең және халқы тығыз емес ел үшін мемлекеттік қызметтерді онлайн нұсқаға көшірудің технологиялық қана емес, экономикалық маңызы да зор, дейді. Цифрландыру азаматтар, бизнес және мемлекет арасындағы қашықтықты қысқартып, қызметтер бағасын төмендетеді.
The World Financial Review
Мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды түрде ұсынылады. Электронды қызмет түрлерінің саны 2021 жылы 657-ден 2026 жылы 1333-ке дейін өсті. Халықтың 97,5%-ы интернетке қол жеткізген. Цифрлық мемлекеттік қызметтердің кеңеюі бизнестің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жеңілдетуге негіз қалыптастырады. Өз кезегінде интернетке қолжетімділіктің жоғары деңгейі электрондық коммерцияны, финтехті және цифрлық сервистерді дамытуға мүмкіндік береді.
Халықаралық институттар да Қазақстан экономикасының тұрақты өсімін болжап отыр. Мәселен, Еуропалық қайта құру және даму банкі биыл елдің өсімін 4,7 пайыз десе, 2027 жылы 4 жарым пайыз деп болжаған. Азия даму банкінің де талдауы осындай. Қорыта айтқанда «мұнай барда мұртымызды балта шаппайды»,-деген бастапқы мұрат жоқ. Өйткені өндіру – өнер, ал өңдеу – өнім. Қазіргі мақсат – экономиканың сан қырын құрылымдау. Британдық басылым да елдің басымдық берген осы бағытын байқаса керек.
Авторы Нысаналы Ығыл