Қазақстан Орталық Азия елдері арасында қаржылық қызметтердің қолжетімділігі бойынша көш бастады
Қазақстан халықтың қаржылық қызметтерді пайдалану және олардың қолжетімділігі деңгейі бойынша Орталық Азия елдерінің арасында көш бастап тұр. Елімізде тұрғындардың басым бөлігінің банк және басқа да қаржылық шоттары бар, олар цифрлық төлемдерді және ресми жинақ құралдарын белсенді түрде қолданады, деп хабарлайды «24KZ» Finprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Мұны қаржылық шоттарды, төлемдерді, жинақтарды, несиелендіруді және халықтың цифрлық технологияларға қолжетімділігін қамтитын Дүниежүзілік банктің Global Findex 2025 зерттеу деректері растайды.
Салыстыруға мына елдер енді: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан. Түрікменстан бойынша салыстырмалы жаңа деректердің жоқтығына байланысты бұл мемлекет тізімге кірмеді.
Қазақстан қаржылық шоттар мен цифрлық төлемдер бойынша алда
Зерттеу деректері бойынша, 2025 жылы 15 және одан жоғары жастағы қазақстандықтардың 87%-ының қаржылық шоты болды. Қырғызстанда бұл көрсеткіш 72,3%-ды, Өзбекстанда — 59,7%-ды, Тәжікстанда — 54,5%-ды құрады.
Цифрлық төлемдерді пайдалану көрсеткішіндегі айырмашылық бұдан да айқын. Қазақстанда халықтың 85%-ы төлемдер жасаған немесе қабылдаған, ал Қырғызстанда — 67,5%, Өзбекстанда — 49,9%, Тәжікстанда — 49,3%.
Цифрлық операциялар жасау мүмкіндігі бар шоттардың таралуы бойынша да Қазақстан бірінші орында тұр — халықтың 78%-ы. Қырғызстанда мұндай шоттарды тұрғындардың 59,1%-ы, Өзбекстанда — 43,8%-ы, Тәжікстанда — 27,9%-ы иеленген.
Тауарлар мен қызметтер үшін ақы төлеу кезінде қазақстандықтардың 70,1%-ы цифрлық әдістерді пайдаланған. Салыстыру үшін: Қырғызстанда — 43,4%, Өзбекстанда — 38,1%, Тәжікстанда — 16,2%.
Шоттар бойынша онлайн-төлемдер де Қазақстанда ең кең таралған. 2025 жылы оны ел халқының 51%-ы қолданды (Қырғызстанда — 35,4%, Өзбекстанда — 24,1%, Тәжікстанда — 21,5%).
Қазақстан өңірде жинақ жасау көрсеткіші бойынша да көш бастап тұр. 2025 жылы кез келген тәсілмен ақша жинағандар ел халқының 53%-ын құрады (Қырғызстанда — 43,7%, Өзбекстанда — 32,2%, Тәжікстанда — 28,3%).
Бұл ретте қазақстандықтардың 37,7%-ы жинақтарын ресми қаржы құралдары арқылы қалыптастырған. Қырғызстанда бұл көрсеткіш 19,5%-ды, Тәжікстанда — 10,1%-ды, Өзбекстанда — 9,2%-ды құрады.
Қарызға алу жағдайы біраз өзгеше. Кез келген көзден ақша алғандар қатарында Қырғызстан тұрғындары бірінші орында — халықтың 62,9%-ы. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша көршілес елге дерлік жетті — 62,8%. Тәжікстанда бұл көрсеткіш 52,5%, Өзбекстанда — 39,5%.
Дегенмен, формальды (ресми) несиелеу құралдарын пайдалану бойынша Қазақстан бірінші орынды иеленді — халықтың 32,8%-ы. Қырғызстанда бұл көрсеткіш 18%, Тәжікстанда — 17,1%, Өзбекстанда — 11,8%.
Формальды кредиттеуге банктер мен басқа да қаржы ұйымдары, мобильді ақша қызметтері және кредит карталары арқылы алынған қарыздар жатады.
Қырғызстан смартфондар саны бойынша Қазақстанды басып озды
Қазақстан қаржылық қызметтер бойынша көш бастағанымен, ұялы телефондар мен смартфондардың таралуы жағынан бірінші орынды Қырғызстан иеленіп отыр.
2025 жылы 15 жастан асқан Қырғызстан тұрғындарының 96%-ының жеке ұялы телефоны болса, 89,8%-ы смартфон ұстайды.
Қазақстанда бұл көрсеткіштер сәйкесінше 92,2% және 81,1%-ды құрады. Өзбекстанда — 82,3% және 70,2%, Тәжікстанда — 77,5% және 64,7%.
Сонымен қатар Қырғызстан әйелдер мен табысы төмен халық арасындағы смартфондардың таралуы бойынша да алда тұр. Мәселен, Қырғызстанда әйелдердің 89,8%-ында смартфон бар (Қазақстанда — 80,4%, Өзбекстанда — 66%, Тәжікстанда — 55,8%).
Ең төмен табысы бар халықтың 40%-ы арасында смартфондарды Қырғызстан тұрғындарының 85,1%-ы, қазақстандықтардың 77,5%-ы, өзбекстандықтардың 63,1%-ы және тәжікстандықтардың 55,4%-ы пайдаланады.
Сарапшылар смартфондармен жоғары деңгейде қамтамасыз етілу әрдайым қаржылық қызметтердің де соншалықты белсенді қолданылатынын білдіре бермейтінін атап өтеді. Мысалы, Қырғызстан құрылғылардың таралуы бойынша көш бастағанымен, қаржылық шоттарды, цифрлық төлемдерді, ресми жинақтар мен несиелерді пайдалануда Қазақстаннан кейін тұр.
Соңғы жылдары жағдай қалай өзгерді?
Соңғы 14 жыл ішінде тұлғалардың қаржылық шоттарға қолжетімділігі төрт елдің барлығында да айтарлықтай кеңейді.
Қазақстанда қаржылық шоты бар тұрғындардың үлесі 2011 жылғы 42,1%-дан 2021 жылы 81,1%-ға, ал 2025 жылы 87%-ға дейін өсті.
Әсіресе Қырғызстанда айтарлықтай өсім байқалды: бұл көрсеткіш 2011 жылғы 3,8%-дан 2021 жылы 45,1%-ға және 2025 жылы 72,3%-ға жетті.
Тәжікстанда аталмыш кезеңде шоты бар халық үлесі 2,5%-дан 54,5%-ға, Өзбекстанда 22,5%-дан 59,7%-ға дейін өсті.
Осылайша, Қазақстан қаржылық қатысудың көптеген көрсеткіштері бойынша көшбасшылықты сақтап қалды, алайда Қырғызстан халықтың қаржылық шоттарға қолжетімділігі бойынша артта қалуын едәуір қысқартты.
Сарапшылардың бағалауы бойынша, Орталық Азия елдері қаржылық және цифрлық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуді жалғастыруда. Бұл ретте Қазақстан қаржылық сервистерді белсенді қолдануымен, Қырғызстан смартфондардың таралу деңгейі мен шот иелері санының жылдам өсуімен, ал Өзбекстан халықтың қаржылық белсенділік көрсеткішінің тұрақты өсуімен ерекшеленеді.