Қазақстанда бизнесті қолдауға 10,2 трлн теңге бағытталды
Қазақстанда 2019–2026 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған жеңілдетілген несие, субсидиялау және кепілдік беру тетіктері арқылы 176,7 мың жоба қаржыландырылды. Берілген кредиттердің жалпы көлемі 10,2 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінде айтылған, деп хабарлайды «24KZ».
Министрлік дерегіне сәйкес, 2019–2025 жылдары мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысқан кәсіпкерлер 695 мыңға жуық жұмыс орнын сақтап, тағы 60,5 мың жаңа жұмыс орнын ашқан. Осы кезеңде олар 128 трлн теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 8,5 трлн теңге салық төлеген.
Кәсіпкерлікті қаржыландыру бағытында жаңа бағдарламалар да іске қосылды. 2025 жылғы маусымда «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы басталды. Оның ерекшелігі – қаржыландырудың жалпы көлеміндегі банк капиталының үлесі жартысынан асады.
Сондай-ақ 2025 жылғы сәуірден бастап «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының базасында шағын және орта бизнеске, сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларға арналған екі жаңа кепілдік қоры жұмыс істей бастады.
Ал 2025 жылғы желтоқсанда ауылдар мен шағын қалалардағы микро және шағын бизнесті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, жергілікті кәсіпкерлікті қолдауды көздейді.
Мемлекеттік қолдау тетіктері кәсіпкерлердің қаржыға қолжетімділігін арттыруға, өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз