Ұлттық Банк жаңа коллекциялық монета шығарады
Ұлттық Банк шығарған жаңа коллекциялық монетаны алқа ретінде тағуға болады. Ол айналымға 27 қазан күні енгізіледі, деп хабарлайды 24KZ.
«Сиқырлы нышандар» сериясындағы «АҚЫҚ» коллекциялық монетасы 925 сынамалы күмістен жасалып, ақық тасымен безендірілген. Оның салмағы – 20 грамм, диаметрі – 33 миллиметр, ал номиналы – 1000 теңге. Барлығы 5 мың дана шығарылды. Оны Ұлттық Банктің интернет-дүкенінен 41 мың теңгеге сатып алуға болады. Коллекциялық монета ел аумағында төлем құралы ретінде қабылданады. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктерде айырбастауға, ұсақтауға және банк шотына салуға мүмкіндік бар.
Жанна Нөгербек, ҚҰБ Қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас дизайнер-маманы:
– Ақық жартылай асыл тас, халцедон тағы басқаларына жатады, зергерлік бұйымдар мен сәндік заттарда қолданылады. Монетаның көркемдік безендірілуінен қазақ зергер өнерінің қолтаңбасы айқын көрінеді, зерделі серкелеу әдісі, теріс бетіндегі өрнек пен ақық қондырмасы өзара жарасым тапқан. Монетаның жоғарғы бөлігінде алқа жібін тағуға мүмкіндік беретін баулық қарастырылған.