Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені төмендетті
Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 15,75 пайызға дейін төмендетті. Мұндай шешім қабылдауға инфляцияның баяулауы мен теңге бағамының тұрақтылығы ықпал еткен, деп хабарлайды 24KZ.
Базалық мөлшерлеме тағы да төмендеді. Инфляция қарқыны он екі ай бойы баяулап, өткен айда 9,3 пайызға – бір таңбалы мәнге түсті. Әсіресе азық-түлік, соның ішінде жеміс-жидек пен көкөніс бағасының арзандағаны және жанар-жағармай құнының жылдық мәнде қарқынды төмендегені әсер еткен. «Инфляцияның бәсеңдеу үрдісі – жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатының оң нәтижесін көрсетеді», – дейді Тимур Сүлейменов.
Тимур Сүлейменов, Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы:
– Инфляцияның баяулауына сонымен қатар теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы және Үкіметпен бірге инфляцияға қарсы қабылданған шаралар да ықпал етуде. Біздің басты міндетіміз – инфляцияны 2027 жылы 6,5-8,5 пайыз аралығында төмендетіп, 2028 жылы оны 5 пайыздық нысаналы деңгейге жақын тұрақтандыру.
Базалық мөлшерлеме деңгейі – ақша құнын айқындайтын негізгі өлшем. Қазір инфляция төмендеп келе жатқанымен, ол орталық банк көздеген нысаналы деңгейден әлі де жоғары. Осыған байланысты реттеуші ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтап, байыпты тәсілді ұстана бермек.
Ақылжан Баймағамбетов, Қазақстан Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары:
– Баға тұрақтылығы бизнеске де, халыққа да керек. Бизнес жоспар құрып, адамдар ақша үнемдей алады. Сол үшін біз нарықтағы жағдайды мұқият назарда ұстап, шара қабылдауға әзірміз. Біздің мақсат – инфляцияны 5%-ке дейін түсіру.
Базалық мөлшерлеме әрі қарай да өзгере ме, жоқ па – нақты айту қиын. Себебі Ұлттық Банк өкілдері тәуекелдер балансын ескергенде, мөлшерлемені жыл соңына дейін өзгерту ықтималдығы төмен деп есептейді. Сол үшін ақша-кредит саясатын асқан сақтықпен жүргізуге мүдделі. Дегенмен биылғы соңғы шешім 4 желтоқсанда жарияланады.
Авторы: Альмира Оразбай