Павлодар облысында агроном, механизатор және ветеринар мамандары жетіспейді

Павлодар облысында кадр тапшылығы өзекті мәселеге айналған.

Әсіресе агроном, механизатор және ветеринар мамандарына сұраныс жоғары. Қазір 144 ауыл шаруашылығы құрылымы дуалды оқыту бағдарламасына қатысып жатыр.

Сонымен қатар өнім өңдеу саласына техник-технологтар мен зертханашы даярлайтын арнайы бөлімше ашылған. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына өңір кәсіпорындарынан 400-ден астам сұраныс түскен.

Бұл облыс орталығындағы ұн тартатын диірмен кешені. Мұнда астықтың сапасын тексеретін мамандар қажет. Татьяна Шорникова зейнет жасына жетсе де жұмысын жалғастырып келеді. Жас мамандарға білгенін үйретіп, мол тәжірибесімен бөлісуде.

Татьяна Шорникова, "Жан-Дос KZ" ЖШС технолог маманы:

- Біз студенттерге бар білгенімізді  үйретеміз. Олардың оқуға, еңбекке  мамандығын сүюге ынтасы болуы керек. Бұл салада маман тапшылығы бар. Сондықтан колледжде жаңа бөлімше ашуға күш салдық. Енді осы бағыт дамиды деп үміттенеміз.

Екінші курс  студенті  Нұрдәулет Тірнекбекұлы бидайдың түр-түрін зерттейді. Дәннің сапасын бағалауды үйренген. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып жүрген жас болашақта жұмыссыз қаламын деп қорықпайды.

Нұрдәулет Тірнекбекұлы, студент:

- Жоғары сорт бидайларды зерттеген кезде олар сулы болмау керек, лайлы болмау керек және басқа жаман иістер шықпау керек. Бірінші сорт, екінші сорт бидайларын бір-бірімен араластыруға болмайды. Өйткені олардың иістері, лайлануы бәрі араласып кетсе, барлық бидай бұзылып кетуі мүмкін.

Қазақстанда өнімді терең өңдейтін кәсіпорындар көбейіп келеді. Павлодар облысының өзінде бидай қабылдайтын онға жуық ірі элеватор бар. Алайда білікті маман тапшы. Сондықтан өңірдегі өнім өңдеушілер осы салаға қажетті кадрларды даярлауға үлес қосуда.

Жанар Серімова, "Жан-Дос KZ"  ЖШС басшысы:

- Өнім өңдеу саласында қажетті мамандар көптен бері даярланбайды. Сондықтан қазір бұл бағытта негізінен аға буын өкілдері еңбек етіп жүр. Технологтар мен білікті мамандарды Түркия мен Әзербайжаннан шақыруға мәжбүрміз. Осы мәселені шешу үшін өз кадрларымызды даярлауды қолға алдық. Алғашында мамандарды қайдан табарымызды білмей, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жүгіндік.

Жаңа бөлімнің ашылуына өңірдегі өнім өндірушілер қауымдастығы ұйытқы болды. Жергілікті бюджеттен бөлінген 27 миллион теңгеге қажетті жабдықтар алынған. 

Ренат Дүйсекенов, Павлодар технологиялық колледжінің басшысы:

- Қазір оқу орнында екі топ білім алып жатыр. Барлығы 50 студент бар. 2028 жылы алғашқы түлектеріміз оқу бітіргенде облысымыздың еңбек нарығы элеватор саласына қажетті білікті зертханашылар мен технологтармен толығады деп ойлаймын.

Кәсіпкерлер палатасының сауалнамасы ауыл шаруашылығы саласында 444 маманға сұраныс барын көрсетті. Инженер-механик, механизатор, ветеринар, агроном секілді кадрларға сұраныс жоғары. 

Ажар Абылғазина, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы: 

- Жалпы бүгінде 144 кәсіпорын дуалды оқыту бағдарламасына қатысып, колледждермен бірлесіп мамандар даярлауда. Бұл жұмыс Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы аясында да кейбір аудандарда мамандарды қысқа уақыт ішінде даярлауға мүмкіндік бар.

Нарық сұранысына сай мамандарды даярлау жеке кәсіпкерлердің базасында да жүзеге асырылуда. Мәселен, Успен ауданында омарташыларды оқытатын арнайы орталық ашылған. Жалпы облыстағы 614 кәсіпорында жұмысшы мамандарға қажеттілік бар.

Авторлары Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев

Сондай-ақ оқыңыз: