Қазақстанда 2035 жылы газға қолжетімділік 80%-ға дейін артады
Қазақстанда халықты табиғи газбен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы жеті жылда елдегі газдандыру деңгейі 51,4 пайыздан 64,2 пайызға дейін өсті. Нәтижесінде 3,6 миллион адам көгілдір отынға қол жеткізді. Ендігі мақсат — 2035 жылға қарай газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу. Бұл ретте солтүстік өңірлерді газбен қамтуға басымдық берілмек. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі Газ жобаларын дамыту және газдандыру басқармасының басшысы Алтынай Қоржықова «24KZ» арнасына берген сұқбатында мәлімдеді.
Министрліктің алдында газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу міндеті тұр. Соның ішінде солтүстік өңірлерді газдандыру мәселесі бар. Бұл бағытта ірі жобаларды бастап кеттік. Олардың қатарында «Есіл–Астана», «Бейнеу–Бозой–Шымкент» газ құбырының екінші тармағы бар.
Солтүстік өңірлерге газ жеткізуге мүмкіндік беретін негізгі жобалардың бірі — «Есіл–Астана» магистральдық газ құбыры. Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі сараптамадан өтіп жатыр. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланған. Ал магистральдық құбыр тартылғаннан кейін елді мекендердің ішкі газ желілері салынады. Министрлік жоспарына сәйкес, 2027–2030 жылдары солтүстік өңірлердің тұрғындарын газға қосу көзделген, - деді Алтынай Қоржықова.
Астананы толық газдандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Министрлік өкілінің мәліметінше, елордада газдандыруға жататын шамамен 300 мың адамның 290 мыңы көгілдір отынға қосылған. Қалған жеке тұрғын алаптарын газдандыруды 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Астанада газдандыруға жататын 300 мың адамның 290 мыңы газдандырылды. Қалған жеке массивтерді 2027 жылы аяқтап, елорданы толық газдандыруды жоспарлап отырмыз, - деді басқарма басшысы.
Газдандыру қарқынын арттыру үшін республикалық бюджеттен үш жылдық кезеңге қаражат қарастырылған. Министрлік жоспары бойынша, келесі жылы 67 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл елді мекендердегі газ инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарды табиғи газға кезең-кезеңімен қосуға мүмкіндік береді.
Алдағы жылдары магистральдық құбырлар мен ішкі желілердің құрылысы қатар жүргізіліп, солтүстік өңірлерді газбен қамту мәселесін шешуге басымдық беріледі. Негізгі мақсат — халықтың табиғи газға қолжетімділігін арттырып, елдегі газдандыру деңгейін белгіленген межеге жеткізу.