Көлік-логистика саласын дамыту: Қазақстан транзиттік хаб мәртебесін нығайтады
Дамыған көлік логистикасы болмаса, күшті елдің өзі құрдымға кетеді.
Президент Жолдауда ерекше тоқталып, маңыз берген мәселенің бірі - жол саласы. Бұл бағытта елде ілкімді бастамалар баршылық. Дегенмен, арқаны кеңге салып қарап отыруға болмайды. Қазақстан Еуразиядағы транзиттік хаб мәртебесін нығайту үшін әлі талай іс атқарылуы тиіс.
Сан ғасырдан шетсіз-шексіз сары даланы салт атпен кезген халқымыз жолдың жайын өзгелерден жақсы біледі. Жол азабы - жан азабы, дейді атам қазақ. Бүгінде жол - қатынас көзі ғана емес, экономиканың күретамыры.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет. Бұл еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі. Қазіргі таңда логистика мәселесімен барлық елдер айналысуда. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді.
Қазақстан - Еуразияның негізгі көлік хабы. Бұл мәртебені сақтап қалу үшін алда ауқымды жұмыс атқарылады. Байыпты бастамалардың бірсыпырасы бүгін де іске асып жатыр. Соның бірі "Арал - Каспий" күре жолының құрылысы. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтуға мүмкіндік береді. Тағы бір маңызды жоба - "Бақты-Аягөз" теміржол желісі.
Данияр Анарбек, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Бұл жобаның артықшылығының бірі: Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекара өткелін ашу. Бұл қолданыстығы өткізу пункттеріне, яғни Достық пен Алтынкөл станцияларына түсетін жүктемені азайтып, жүк ағындарын тиімді бөлуге және тасымал көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Теміржол желісін 2027 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қазақ даласы ежелден Шығыс пен Батысты байланыстыратын алтын көпір. Қазір де Қытайдан Еуропаға жөнелтілетін жүктің 85 пайызға жуығы қазақ жері арқылы өтіп жатыр. Қазақстанның халықаралық жүк ағындарының ұйымдастырушысы ролін одан әрі күшейту - маңызды міндет. Бұл экономикаға орасан пайда әкеледі. Осы орайда отандық логистикалық компаниялардың жұмысын жүйелеп, жүк сақтау орталықтарын ашу жоспарланып отыр.
Ерлан Төлендиев, "Sera Corporation" логистикалық компаниясының бас директоры:
- Біз көлік дәліздері арқылы жүктерді өткізіп қана қоймай, қазіргі таңда өзекті - ол электронды сауда-саттық. Соларды, сыртта шыққан тауарларды өзімізде сақтай білетін логистикалық орталықтардың жүйесін қалыптастыруымыз керек. Мысалы, бір кішігірім тауарды тапсырыс берсеңіз Қытай мемлекетінен. Ол 1 ай немесе 20 күнде келсе, ел егер біз Қазақстанды сол тауарларды алдын ала сақтап, логистикалық орталықтардың, қоймалардың жүйелерін қалыпастырсақ, тасымалдау уақыты 3 есеге дейін қысқаруы мүмкін.
Елдің транзиттік әлеуетін күшейтетін бастамалар барлық өңірді қамтиды. Әсіресе солтүстік аймақтарда. Президент «Көкшетау - Петропавл» тас жолын кеңейтуді тапсырды. Жол инфрақұрылымын жақсарту - стратегиялық міндет. Және бұл істе іркіліс болмауы керек. Сондықтан елдегі барлық деңгейдегі жолдардың құрылысы мен сапасына тікелей Үкімет жауапты болады.
Назерке Тоқжан, Бағдат Қайыркен