Елде электронды құжатқа негізделген алғашқы халықаралық жүк тасымалы орындалды

Көлік Қазақстан мен Ресей арасындағы бағытпен жүріп өтті.

Алдағы уақытта бұл тәжірибені Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа елдермен қолдану жоспарланып отыр. Электронды құжат жүктерді рәсімдеу уақытын қысқартып, тасымалды бақылауды жеңілдетеді.

Дариға Ташенова, тілші:

- Қазақстанның көлік-логистика саласы - ел экономикасы үшін маңызды бағыттардың бірі. Халықаралық жүк тасымалының көлемі ұлғайған сайын, оны тиімді ұйымдастырудың маңызы да артып отыр. Елде цифрландыру процесі қарқынды жүріп жатыр, бірақ көлік секторында оның енгізілуі баяу жүріп жатыр. Оның себебі де жоқ емес. Сапалы пилоттық жобаны әзірлеп, оны қолданысқа беру үшін кемінде 3 жыл уақыт керек екен.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында көлік саласындағы қағазбастылықты жойып, халықаралық тасымалды толық цифрландыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ жасанды интеллектіні көлік басқару жүйесіне енгізуді тапсырды. Бұл шаралар жүк тасымалын жеделдетіп, елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан Еуразияның негізгі көлік хабы болуы үшін көптеген маңызды міндетті орындауы тиіс. Бірінші кезекте көлік саласын, соның ішінде халықаралық бағыттарды толық цифрландыру қажет. Жасанды интеллект дәуірінде жаһандық транзит ағындарын қағаз жүзінде басқару - ақылға қонымсыз іс. Бұл құрдымға апаратын ең төте жол.

Көлік министрлігі электронды құжаттарға көшіп жатыр. Екі апта бұрын Қазақстан мен Ресей арасында алғашқы сынақ рейсі орындалды. Алдағы уақытта бұл тәжірибені Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа елдермен де қолдану көзделіп отыр. Әуе тасымалында да құжаттарды электронды форматқа көшіру жұмыстары басталды.

Ерлан Қылышбаев, ҚР Көлік министрлігі цифрландыру департаменті директорының орынбасары:

- Азаматтық авиацияда E-Freight жүйесін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жүйе электронды әуе жүкқұжаттарын қолдануға мүмкіндік береді. Соның арқасында әуежайларда жүк тасымалын рәсімдеу жеңілдейді. Ал ақпараттық жүйелерді біріктіру үшін SmartCargo платформасы енгізіліп жатыр. Ол арқылы кәсіпкерлер логистикалық, мемлекеттік, кедендік және коммерциялық қызметтерді бір жерден ала алады. Қазір платформаны мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен байланыстырмақшымыз.  Жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталып, электронды әуе жүкқұжаттары кеңінен қолданылады.

Министрлік әзірлеген цифрлық шешімдер Smart Data Transport бірыңғай деректер базасына біріктіріледі. Қазір платформаға тоғыз ақпараттық жүйе қосылған. Алдағы уақытта олардың санын 40-қа дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жасанды интеллект арқылы жүк ағындарын болжауға, деректерді талдауға және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Дариға Ташенова, Медет Қуанышбеков

Сондай-ақ оқыңыз: