Зейнетақы жинағы: басқарушы компанияны таңдағанда нені ескеру керек?

фото: depositphotos.com

Қазақстандықтар міндетті зейнетақы жарналары есебінен жинақталған қаражатының 100%-ына дейін жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұған дейін бұл шектеу 50% болған. Жаңа мүмкіндік 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енді. Енді салымшылар басқарушы компанияны таңдағанда оның табыстылығына ғана емес, қаржылық тұрақтылығы мен инвестициялық тәуекелдеріне де назар аударуы керек, деп хабарлайды 24KZ Ranking.kz сарапшыларына сілтеме жасап.

Бұған дейін зейнетақы жинақтарының міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан бөлігінің 50%-ын ғана жеке басқарушы компанияларға аударуға болатын. Ал 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап бұл мүмкіндік 100%-ға дейін кеңейді. Яғни салымшы жинағының қандай бөлігін жеке басқарушыға беретінін өзі шеше алады.

Жаңа тәртіптен кейін қазақстандықтардың жеке басқарушы компанияларға деген қызығушылығы артқан. 2026 жылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша салымшылар зейнетақы жинағын басқаруға беру үшін 180,5 мың аударым жасаған. Оның жалпы көлемі шамамен 179 млрд теңге болды. 2021 жылы жеке басқарушылардың қызметін 2,4 мың адам пайдаланса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 42,6 мыңға жеткен.

Зейнетақы жинағын басқаратын қандай компаниялар бар?

Қазір азаматтар зейнетақы активтерін басқаруды бес компанияның біріне тапсыра алады. Олар:

·         BCC Invest;

·         «Сентрас Секьюритиз»;

·         Alatau City Invest;

·         Halyk Finance;

·         Tansar Capital.

Салымшылар қаражатын бір ғана компанияға емес, бірнеше басқарушы ұйым мен инвестициялық портфельге бөліп те орналастыра алады. Ал әдепкі тәртіп бойынша зейнетақы активтерін Ұлттық банк басқарады.

Жеке басқарушы компанияға ақша аудару инвестициялық стратегияны өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Алайда әр компанияның кірістілігі мен тәуекел деңгейі әртүрлі. Сондықтан шешім қабылдағанда бір ғана көрсеткішке сүйенуге болмайды.

Басқарушы компанияны таңдағанда нені ескеру керек?

Ranking.kz сарапшылары компанияның қаржылық тұрақтылығына, активтері мен меншікті капиталының көлеміне, табысына және тәуекелдерді басқару тәсіліне назар аударуға кеңес береді.

2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, активтерінің көлемі жағынан BCC Invest алдыңғы орында. Компанияның активтері 171,8 млрд теңгені құраған. Одан кейін Alatau City Invest (65,9 млрд теңге), Halyk Finance (64,5 млрд теңге), Tansar Capital (22,4 млрд теңге) және «Сентрас Секьюритиз» (10,2 млрд теңге) тұр.

Меншікті капитал көлемі бойынша да BCC Invest көш бастап тұр. Бұл көрсеткіш компанияда 91 млрд теңгеден асады. Ал Halyk Finance-те 46,9 млрд теңге, Alatau City Invest-те 41,9 млрд теңге, Tansar Capital-де 10,3 млрд теңге, «Сентрас Секьюритизде» 9,2 млрд теңге болған.

Сонымен қатар бес компанияның барлығы қаржы нарығында белгіленген пруденциялық нормативтерді сақтайды. Бұл олардың қаржылық жағдайы мен тәуекел деңгейіне қойылатын міндетті талаптарға сай екенін көрсетеді.

Қай компанияның табысы жоғары?

Ұлттық банк мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында BCC Invest бес басқарушы компанияның арасында ең көп пайда тапқан. Оның көрсеткіші 9,5 млрд теңге болды. Halyk Finance 5,9 млрд теңге, Alatau City Invest 2,9 млрд теңге, «Сентрас Секьюритиз» 849,9 млн теңге пайда тапқан. Ал Tansar Capital осы кезеңді 477,4 млн теңге шығынмен аяқтады.

Компаниялардың рентабельділік көрсеткіштері де әртүрлі. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында меншікті капиталдың кірістілігі (ROE) бойынша BCC Invest 7,53% көрсеткішпен бірінші орынға шықты. Ал активтер кірістілігі (ROA) бойынша «Сентрас Секьюритиз» 7,28%, сатылым кірістілігі (ROS) бойынша 81,03% көрсеткішке жетті.

Алайда бұл көрсеткіштер басқарушы компаниялардың өз қаржылық нәтижесін сипаттайды. Оларды салымшылардың зейнетақы жинағынан түскен инвестициялық табыспен шатастырмау керек.

Қай басқарушының инвестициялық кірістілігі жоғары?

Ranking.kz дерегіне сәйкес, соңғы 12 айдағы зейнетақы активтерінің ең жоғары инвестициялық кірістілігі «Сентрас Секьюритизде» тіркелген. Көрсеткіш 17,05% болды.

Дегенмен сарапшылар жоғары кірістілікпен бірге инвестициялық тәуекелге де назар аударуға кеңес береді. Мәселен, аталған компанияның портфеліндегі кредиттік рейтингі жоқ қаржы құралдарының үлесі 28,77% болған. Салыстыру үшін, Ұлттық банктің портфелінде мұндай құралдардың үлесі 1,6%-ды құраған.

Кредиттік рейтингтің болмауы қаржы құралы міндетті түрде тәуекелді дегенді білдірмейді. Алайда оның сенімділігі мен кредиттік сапасын бағалауды қиындатады.

Ал BCC Invest инвестициялық стратегиясында тәуекелі салыстырмалы түрде төмен қаржы құралдарына басымдық береді. Сондықтан компанияны таңдағанда оның кірістілігімен қатар, қаражатты қандай құралдарға салатынын және тәуекелді қалай басқаратынын да зерделеу маңызды.

Салымшылар нені білуі керек?

Сарапшылар басқарушы компанияны таңдағанда соңғы бір айдағы немесе бір жылдағы кірістілікке ғана сүйенбеуге кеңес береді. Белгілі бір кезеңдегі жоғары нәтиже келешекте де қайталанады деген кепілдік жоқ. Инвестициялық табыс нарықтағы жағдай мен компания таңдаған стратегияға байланысты өзгеріп отырады.

Сонымен қатар зейнетақы жинағын жеке басқарушыға беру міндетті түрде пайда әкеледі деген сөз емес. Заңнамада инвестициялық кірістіліктің ең төменгі деңгейімен салыстырғандағы теріс айырманы өтеу тетігі қарастырылғанымен, бұл барлық инвестициялық тәуекелден қорғайды немесе тұрақты пайдаға кепілдік береді дегенді білдірмейді.

Салымшылар басқарушы компаниялардың қаржылық көрсеткіштерін, инвестициялық портфельдерінің құрылымы мен кірістілігін БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы invest.enpf.kz платформасынан салыстыра алады.

Осылайша, зейнетақы жинағын басқарушы компанияны таңдау кезінде оның активтер көлемін, қаржылық тұрақтылығын, инвестициялық стратегиясын және тәуекелдерді басқару тәсілін кешенді бағалау қажет. Себебі зейнетақы қаражаты ұзақ мерзімге инвестицияланады.

Сондай-ақ оқыңыз: