Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін өседі. Бұл жұмыскерлер мен бизнеске не береді?
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Президент Жолдауында айтылған мәліметке сәйкес, бұл өзгеріс шамамен 1,8 млн азаматтың, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 370 мыңнан астам адамның табысын арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды 24KZ.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Айгерім Ильясованың пікірінше, бағаның өсуі жағдайында ең төменгі жалақыны көтеру – қажетті қадам. Сарапшы бұл шешімнің халықтың табысы мен сатып алу қабілетіне ықпалын атап өтті.
«Ең төменгі жалақының 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін өсуі 29,4%-ды құрайды, – дейді ол. – Бұл ретте ең төменгі жалақы 2024 жылғы 1 қаңтардан бері өзгерген жоқ. Осы үш жылда жинақталған инфляция шамамен 30%-ды құрады. Яғни ең төменгі жалақының көтерілуі, шын мәнінде, оны инфляция деңгейіне сәйкестендіру болып отыр.
Жоспарланған өзгеріс, ең алдымен, ең төменгі жалақы алатын азаматтарға және еңбекті көп қажет ететін, жалақысы төмен салалардағы жұмыс берушілерге әсер етеді. Мысалы, қоғамдық тамақтану саласына».
Ең төменгі жалақының өсуі бағаға әсер ете ме?
Сарапшының айтуынша, іс жүзінде ең төменгі жалақының көтерілуінің бағалар мен инфляцияға әсері шектеулі. Қазақстанда орташа жалақы 486 мың теңгені, ал медианалық жалақы 348 мың теңгені құрайды. Яғни сұраныс пен өнімнің өзіндік құны ең төменгі белгіленген деңгейден жоғары халықтың нақты табыстарын ескере отырып қалыптасқан.
Соған қарамастан, ең төменгі жалақының өсуі бағаға екі жолмен әсер етуі мүмкін.
Бірінші фактор – ең төменгі жалақы алатын азаматтардың тұтынушылық сұранысының артуы. Табысы төмен адамдардың қаражаты көбіне тек негізгі қажеттіліктерін өтеуге жетеді. Сондықтан сұраныстың артуы азық-түлік бағасына әсер етуі мүмкін.
Екінші фактор – еңбекті көп қажет ететін салаларда өнімдер мен қызметтердің өзіндік құнының өсуі. Мұндай салаларда жалақы төлеуге, тиісті жалақы салықтары мен әлеуметтік төлемдерге жұмсалатын шығындар артады. Жұмыс берушілер бұл қосымша шығындарды өнімнің өзіндік құнына қосады. Соның нәтижесінде тауарлар мен қызметтердің бағасы көтерілуі мүмкін, – деп түсіндіреді Ильясова.
Кәсіпкерлер мен әлеуметтік төлем алушылар үшін не өзгереді?
Қаржыгердің айтуынша, ең төменгі жалақының өзгеруі айыппұл мөлшеріне әсер етпейді. Өйткені айыппұлдар айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты есептеледі.
Жалақыға салынатын салықтардан басқа салықтар да ең төменгі жалақыға тәуелді емес. Ал жалақыға байланысты салықтардың өсуін, әсіресе, өзі және қызметкерлері үшін салықтар мен аударымдарды ең төменгі жалақы негізінде есептейтін жеке кәсіпкерлер сезінеді.
Бұдан бөлек, ең төменгі жалақыға байланысты есептелетін шекті мөлшері бар бірқатар әлеуметтік төлемдер қарастырылған.
Мәселен, жұмысынан айырылу, жүктілік және босану, бала күтімі бойынша төлемдер азаматтың нақты табысына қарай есептеледі. Алайда олардың ең жоғары мөлшері ең төменгі жалақының жеті еселенген сомасы негізінде анықталады.
Ең төменгі жалақының өсуі осы төлемдердің жоғарғы шегін де арттырады. Яғни табысы жоғары азаматтар аталған әлеуметтік төлемдерді бұрынғыдан көбірек мөлшерде ала алады, – дейді сарапшы.
Ең төменгі жалақының өсуінің тағы бір ықтимал әсері табысы төмен азаматтар үшін кредиттердің қолжетімділігіне байланысты.
Айгерім Ильясованың пікірінше, табыстың артуы ең төменгі жалақы алатын жұмыскерлердің кредит алу мүмкіндігін жоғарылатып, банк беруге дайын қарыз сомасына да әсер етуі мүмкін.
Осылайша, ең төменгі жалақының көтерілуі, ең алдымен, табысы заңмен белгіленген ең төменгі деңгейге жақын азаматтарға қолдау көрсетеді.
Сонымен қатар мұндай қызметкерлері көп жұмыс берушілер еңбекке ақы төлеу шығындарының артатынын ескеруі қажет.