Түркістан облысында «Күміс жас» бағдарламасымен екі мың адам еңбекпен қамтылды

Зейнет жасына жақындағандардың жұмыс табуы оңай емес.

Сондықтан осы жоба арқылы мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Жұмыс берушілердің жалақы шЫғынының бір бөлігін мемлекет субсидиялайды. Жалпы жыл басынан бері ел бойынша «Күміс жас» бағдарламасымен 10 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. 

60 жастағы Тұрсынай Алашева Түркістандағы этно-мейрамханалардың бірінде аспаз. Бұл жұмысқа «Күміс жас» жобасы арқылы орналасқан. Ол кәсібіне көңілі толатынын айтады. Зейнетке шыққанға дейін осында еңбек етуді жоспарлап отыр.

Тұрсынай Алашева, «Күміс жас» жобасына қатысушы: 

- Біздерді көп жерге жұмысқа алмайды. Осы «Күміс жас» жобасына келіп, тұрдым. 1 жылдай болды. Мен өз мамандығыммен жұмысқа кірдім. Бұл жұмысты ұнатып істеймін. Қазір 60-та болсам, 1,5-2 жылдай қалды пенсияға шығуыма. Осы мамандықпен пенсияға шығам деген ниеттемін. 

«Күміс жас» жобасына қатысатын жұмыс берушілерге  мемлекет қолдау көрсетеді. Кәсіпкерлер 50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа қабылдайды. Ал мемлекет еңбекақы шығынының бір бөлігін субсидиялайды. Кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай қолдау бизнес үшін тиімді.

Дилафруз Абдисаттарова, жеке кәсіпкер: 

- Өзіміз осы бағдарламаға заявка жібердік. Осы бағдарлама арқасында біз өзімізге 3 жұмысшы таптық. 3 жұмысшыдан 1 жылда айына 285 мыңнан есептегенде 3-3,5 млнға дейін экономдауға мүмкіндік беріп отыр.

Жыл басынан бері Түркістан облысында «Күміс жас» жобасы аясында екі мыңға жуық   адам жұмысқа орналасты. Ал былтырдан бері жобаға қатысқан 4700 адам еңбек етіп жүр.   Қатысушылар кәсіпорындар мен ұйымдардың сұранысына қарай түрлі салаға барады.  

Ербол Ергешов, Түркістан облысының еңбек мобильділігі орталығының бөлім басшысы:

- «Күміс жас» жобасы 50 жастан асқан, бірақ зейнеткерлік жасына шыққанға дейінгі азаматтарға арналған. «Күміс жас» жобасы арнайы диплом қажет етпейді. Кез-келген жұмыс: тігін цехы болсын, мал шаруашылығы болсын, кондитерлік болсын, жалпы сондай жұмыстарға жолдама береді. «Күміс жас» жобасы Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Сайрам аудандарында көп азаматтарды жұмыспен қамтыды.

Жыл басынан бері еліміз бойынша аталған жоба аясында 10 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Қатысушыларды қамту бойынша Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстары көш бастап тұр. Жоба 2022 жылдан бері жүзеге асырылып жатыр. Мамандардың айтуынша, бағдарламаның басты мақсаты аға буын өкілдерінің еңбекке белсенділігін сақтап, кәсіби тәжірибесін іске асырып, еңбек нарығында сұранысқа ие болуына мүмкіндік жасау.

Авторлары Арыстанбек Кенже, Ерболат Әбіш

Сондай-ақ оқыңыз: