Қазақстанда 1,7 трлн теңгеге 200-ге жуық кәсіпорын ашылады
Биыл Қазақстанда жалпы құны шамамен 1,7 трлн теңге болатын 200-ге жуық жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.
Оның айтуынша, биылғы тоғыз айда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 24,2 трлн теңгеге жуықтап, сала 8,6%-ға өскен. Ал өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14%-дан асты.
Жекелеген салаларда да өсім байқалады. Атап айтқанда, машина жасау 22,8%-ға, химия өнеркәсібі 23,4%-ға, тамақ өнімдерін өндіру 13,8%-ға, фармацевтика 31%-ға артқан.
Ендігі міндет – осы үрдісті одан әрі нығайту. Биыл жалпы құны шамамен 1,7 трлн теңге болатын 200-ге жуық жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланды. Саладағы басты бағдар – импортқа тәуелді болмай, өзіміздің өндірістік мүмкіндіктерімізге сүйену. Мемлекеттік қолдау ел экономикасына барынша жоғары оң әсер беретін жобаларға көрсетіледі, - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Премьер-министрдің бірінші орынбасарының айтуынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өндірістік қуаттар теңгерімін бағалау әдістемесін бекіткен. Енді жаңа жобалар нарықтағы сұранысқа, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік қуатына және жер ресурстарының қолжетімділігіне қарай бағаланады. Бұл талаптар мемлекеттік қолдау шараларын бөлу кезінде де ескеріледі.
Бұл – қаражатты нақты экономикалық нәтиже беретін бағыттарға жұмсауға және артық өнім өндіруге жол бермейді. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік кластерлердің жаңа моделі енгізілуде. Бұл модель түпкілікті өнім шығаруда кәсіпорындардың өзара кооперациясын дамытуға және шағын әрі орта бизнесті ірі тірек кәсіпорындардың төңірегіне шоғырландыруға бағытталған, деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.