Геологиялық барлау: 2026 жылы 112 учаске ашық аукционға шығарылады
Қазақстанда 2026 жылы геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін 112 учаскені электрондық ашық аукциондарға шығару жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
«Бір жылдың ішінде 112 учаскені сауда-саттыққа шығару – айтарлықтай үлкен көрсеткіш. Жақын арада олардың нәтижесі бойынша оң өзгерістерді көретін боламыз. Геологиялық зерттеулер мен бұрғылау жұмыстарының нәтижелері бағалау жүргізу үшін энергетика министрлігіне қолжетімді болады», – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Оның айтуынша, 2023-2025 жылдары сауда-саттыққа 126 учаске қойылған. Аукциондарға қазақстандық және шетелдік компаниялар, оның ішінде Қытай мен көрші елдердің инвесторлары қатысады. Инвесторлардың учаскелерді геологиялық зерттеу, бұрғылау, жергілікті қамтуды дамыту, тауарлар мен қызметтерді сатып алу, сондай-ақ кадрларды даярлау және оқыту жөніндегі міндеттемелеріне ерекше назар аударылады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов ұлттық компаниясы 4,7 млрд тонна шартты отынды ресурстық бағалаумен 47 учаскеде және 23 жобада жұмысты қамтитын геологиялық барлау бағдарламасын жүзеге асырып жатқанын, сондай-ақ 60 мың сызықтық километрге сейсмикалық барлау жүргізіп жатқанын атап өтті. Зерттеу жұмыстары 8 мың метрге дейінгі тереңдікте орналасқан геологиялық қабаттарды қамтиды. Жұмыстар жаңа кен орындарын іздеуге және елдің ресурстық базасын толықтыруға бағытталған.