Жолдау-2026: сирек металдарды игеру ісі ілгеріге басты

Павлодардағы алты мыңға жуық адам еңбек ететін "Қазақстан алюминийі" зауытында өндірісті жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Жаңа технологиялар енгізу мен  цифрландыруға  басымдық берілді. Жақында галлий өндіретін жаңа цех ашылды. Президент халыққа Жолдауында осы сирек металдарды игеру мен өңдеудің маңызы туралы айтқан еді. Ауқымды жоба өндірістің жаңа бағытын дамытуға және құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді.  Өңірге барған Құрылтай депутаттары зауыт жұмысшыларымен кездесіп,  Жолдаудың негізгі бағыттарын бірлесе талқылады. Олар "Халықтық құрылыс"  жылы өңірдегі  өндіріс орындарына жаңа міндеттер жүктелетінін айтты.

Жарқынбек Амантай, ҚР Құрылтай депутаты:

- Сирек металдардың қорына ие мемлекет болғандықтан экономикамыздың жаңағы негізгі бір қозғаушы күші енді осы сирек металдар болмақ. Сондықтан мұны өндіру аса маңызды деп өте үлкен мән берді Мемлекет басшысы. Енді бұл зауыттың қабырғасында осы сирек металдың бірі болып саналатын галлий металын өңдейтін арнайы бөлім ашылғандығын жаңа естідік. Бұл деген сөз жалпы, қалай алсақ та, алюминий болсын, қай металл түрін алсақ та біздің өнеркәсіпке тек қана экспортқа бағытталмау керек, ішкі қажеттілігімізді ең бірінші қамтамасыз ету үшін ең бірінші жұмыс жасалуы керек.

Нұрсұлтан Бисенбаев "Қазақстан алюминийі" зауытының қызметкері:

- Елдің дамуы, елдің күшті болуы ол тек қана экономикалық сандарға, цифрларға байланысты емес, ол ең алдымен, біздің қарапайым халықтың, жұмысшылардың, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы, қаржылық жағдайы өсуінде көрсетіледі. Біздің өндіріс экономикаға өзінің үлесін қосып қана қоймай, онда жұмыс істейтін мыңдаған адамның әлеуметтік жағдайын жақсартуға өз үлесін қосып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: