Қазақстан биыл 10 млн тоннадан астам астық экспорттауды жоспарлап отыр
Қазақстан биыл 24,3 млн тонна астық жинады. Оның 16 млн тоннасы – бидай. Енді ел 10 млн тоннадан астам астықты шетелге шығаруды жоспарлап отыр. Ал Қытай нарығына экспорт көлемін тағы 2 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік бар. Бұл туралы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ басқарушы директоры Сағат Төлеу 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Маманның сөзінше, жаңа маркетингтік маусым басталғалы Қазақстан 2 млн 262 мың тонна астық экспорттаған. Бұл – теміржол саласының деректері негізінде есептелген көрсеткіш. Былтыр елден 11,6 млн тонна астық шетелге жөнелтілген. Биылғы жоспар – 10 млн тоннадан астам.
Жиналған өнімнің 7–8 млн тоннасы ішкі қажеттілікке жұмсалады. Оның ішінде азық-түлікке, мал шаруашылығына және тұқымға қажетті көлем бар.
Қазақстанның астығы экспорт көлемі бойынша өсіп келе жатыр. 2010 жылы жыл сайын шамамен 4,8 млн тонна астық экспортталатын. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 11,6 млн тоннаға жетті. Биыл да 10 млн тоннадан асады деп есептеп отырмыз, деді Сағат Төлеу.
Экспорт көлемін арттырумен қатар, өнімді жаңа нарықтарға жеткізу бағыттары да қарастырылып жатыр. Әсіресе Қытай нарығының әлеуеті жоғары. Қазір осы елдегі 50 мың компания тіркелген арнайы платформаға қазақстандық экспорттаушыларды енгізу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Сағат Төлеудің айтуынша, өткізу мүмкіндіктері кеңейсе, Қазақстан Қытайға астық экспортын тағы 2 млн тоннаға арттыра алады.
Қытай нарығы өте үлкен. Бізде әзірге өткізу жағынан белгілі бір шектеулер бар. Бірақ ілгерілеушілік байқалады. Егер жаңа бағыттар ашылса, Қытайға қосымша 2 млн тонна астық экспорттай аламыз, деді ол.
Қазақстан астығының негізгі сатып алушылары қатарында Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан және Тәжікстан бар. Сонымен қатар Каспий теңізі арқылы Иран мен Әзербайжанға өнім жөнелтіледі. Ал Әзербайжан арқылы Грузия мен Түркияға, одан әрі Солтүстік Африка елдеріне шығатын бағыттар қарастырылып жатыр.
Маманның сөзінше, Қазақстан теңізге тікелей шыға алмайтындықтан, экспортта логистикалық бағыттарды әртараптандыру маңызды. Осы мақсатта Қара теңіз, Балтық жағалауы және Мерсин порттарының мүмкіндіктері зерделеніп жатыр.