Қазақстанда майлы дақылдар өндірісі ұлғайып келеді: шаруаларға 33 млрд теңге бөлінді
Қазақстандық шаруалар бидай мен арпадан бөлек, майлы дақылдар өсіруге де басымдық беріп жатыр. Бұған өнімге деген сұраныс пен бағаның қолайлылығы әсер еткен. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау үшін биыл форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында 33 млрд теңге бағытталды. Бұл туралы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ басқарушы директоры Сағат Төлеу 24KZ эфирінде айтты.
Маманның сөзінше, соңғы уақытта шаруалар дәстүрлі дақылдардан бөлек, күнбағыс, зығыр мен соя өсіруге көбірек көңіл бөліп келеді. Өйткені бұл өнімдерге сыртқы нарықта сұраныс жоғары. Негізгі сатып алушылардың қатарында Қытаймен бірге Орталық Азия елдері де бар.
Қазір көп шаруашылық дәстүрлі бидай мен арпадан бөлек, майлы дақылдарға көшіп жатыр. Себебі олардың бағасы да, сұранысы да жақсы. Қазіргі таңда майлы дақылдардың егіс көлемін жыл сайын 700 мыңнан 1 млн гектарға дейін ұлғайтып жатырмыз, деді Сағат Төлеу.
Өндірісті әртараптандырумен қатар, шаруалардың қаржыға қолжетімділігін арттыру да маңызды. Осы бағытта «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» форвардтық сатып алу бағдарламасын жүзеге асырады. Биыл осы тетік арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 33 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген.
Бағдарламаның ерекшелігі – шаруалар егін егу науқаны басталмай тұрып қаржыландыруға өтінім бере алады. Көктемде қажетті қаражатты алып, күзде жиналған өнімін келісімшарт бойынша корпорацияға өткізеді. Бағдарламаға шағын, орта және ірі шаруашылықтар қатыса алады.
Бұл – корпорацияның негізгі бағдарламаларының бірі. Біз жыл басында бидай, арпа және майлы дақылдарды форвардтық сатып алу арқылы қаржыландырамыз. Ал күзде шаруалар өнімін элеваторларға тапсыра алады. Бұл – ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін қолжетімді әрі қолайлы бағдарламалардың бірі, деді Сағат Төлеу.
Осылайша, форвардтық қаржыландыру шаруаларға егін егуге қажетті қаражатты алдын ала алуға мүмкіндік береді. Ал майлы дақылдар өндірісінің артуы Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтуге жол ашады.