Түркістан облысында жаңа технологияға иек артқан шаруаларға қолдау бар

Ауыл шаруашылығы – елді асырайтын сала. Сондықтан оның әлеуетін арттыру – мемлекет алдындағы маңызды міндет. Мұны Президент Жолдауда тағы бір мәрте ескертті, деп хабарлайды 24KZ.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әсіресе салаға озық технологияларды көптеп енгізу кезек күттірмейтін мәселе», - деді.

Түркістан облысында орналасқан «Қалдан» шаруа қожалығы ауданда алғашқылардың бірі болып, мақтаға қос жүйек технологиясын енгізді. Соның арқасында екі жүйектің арасы 6 сантиметр, ал қатар аралығы 90 сантиметр болады. Биыл осы тәсілмен 40 гектар жерге мақта тұқымы себілген. Сонымен қатар бұл әдіс су мен тыңайтқышты тиімді пайдалануға да оң әсерін тигізбек.

Ақтөре Түймебек, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Биыл Түркістан облысында 162 мың гектарға мақта дақылы егіледі. Оның ішінде 79 мың гектары осы жаңа технологияны қолдану арқылы егу жоспарланып отыр. Жобаның тиімділігіне көз жеткіздік. Нәтижесінде оны басқа Мақтаарал, Жетісай аудандарына тарату мақсатында өткен жылдан бастап аталған тәжірибені қолға алдық.

Озық технологияның игілігін Мемлекет басшысы өз Жолдауында тілге тиек етті. Дәстүрлі егу тәсілі тиімсіз екенін бүгінде шаруалар да растап отыр. Бұған қоса, өңірлерде жылдан жылға су тапшылығы өзекті болып барады. Сондықтан заманауи суару жүйесіне көшкен қожалық иелеріне қолдау артты. Мемлекет енді суға берілетін субсидияны 85 пайызға ұлғайтайды. Ал жеңілдетілген шарттармен берілетін несие көлемі 1,5 трлн теңгеге жетті.

Нариман Ілиясов, ҚР АШМ АӨК Қаржылық қолдау департаменті директорының орынбасары:

– Жоспарланған 750 млрд көктемгі егіс жұмыстарына бөлінген қаражаттың 665 млрд теңгесі игерілді. Сонымен қатар 294 млрд лизингке берілді. Бүгінгі таңда несиенің шартын айтып кетсек, 10 жылға беріледі. Пайыздық мөлшерлемесі – 6 пайыз. Егер жоба ауыл шаруашылығы өнімі қайта өңдеуге және мал сатып алуға бағытталса, кепілзаттың 85 пайызына «Даму» қоры арқылы кепілдік беріледі.

Десе де, кез келген саланы өрге сүйрейтін – ең әуелі білікті маман. Әсіресе ауыл шаруашылығына арқа сүйеген біздің ел үшін бұл қайнауы жеткен мәселе. Ресми дерекке сүйенсек, елімізде ауыл шаруашылығы саласына 3500-ден аса кадр қажет.

Бақтияр Өтелбаев, Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының атқарушы директоры:

– Баяғыдан үйреніп қалдық, шаруашылықтың басында жүрген адам өзі – тракторист, программист, бухгалтер. Бәрін бір кісі орындайды. Бірақ қазір шеттен жалдама кішігірім аутсорс топтар пайда болып жатыр. Қазір бір шаруашылыққа кадрды бағдарлама жоспары бойынша ұстайтын болса, тиімсіз, шығыны өте көп болып жатыр.

Бұл ретте мемлекет қарапайым еңбек адамдарының мәртебесін көтеруді басты басымдық санайды. Иә, ауыл шаруашылығы – елді асырайтын әлеуеті зор сала. Ал оның тамырына қан жүгіртіп, соны серпін беру экономиканы өрістетудің берік негізі болмақ.

Авторлары: Назерке Тоқжан, аймақтағы тілшілердің көмегімен

Сондай-ақ оқыңыз: