Қазақстанда жүк көліктерінің жол ақысы өзгеруі мүмкін
Қазақстанда коммерциялық жүк көліктерінің ақылы жолдарды пайдаланғаны үшін төлем тәртібін жетілдіру ұсынылды,деп хабарлайды «24KZ».
Жаңа бастамалар тарифтерді саралауды, жылдық абонемент енгізуді және шетелдік тасымалдаушыларға қатысты төлем тетіктерін қарастыруды қамтиды. Жеке жеңіл көлік иелері үшін ештеңе өзгермейді.
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен автомобиль жолдарында ақы төлеу жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтті. Қатысушылар жол алымдарының қолданыстағы жүйесін жетілдіру және жол инфрақұрылымын күтіп ұстау мен жөндеуді қаржыландырудың тұрақтылығын арттыруды қарады.
Сондай-ақ қатысушылар жүк тасымалының ашықтығын арттыру және жол ақысын төлеу талабын сақтау мәселесін талқылады. Атап айтқанда, жүк көлігі қозғалысын, оның ішінде автомобиль жолының ақылы учаскелерінде мониторинг жүргізу үшін цифрлық құралдарды қолдануды арттыру ұсынылды.
Отырыс қорытындысы бойынша вице-премьер мемлекеттік органдармен, салалық қауымдастықтармен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, ұсыныстарды егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.
Тәсілдерді зерделеу кезінде тасымалдаушылар мен бизнестің мүддесін ескеру, сондай-ақ жол инфрақұрылымын ұстауға арналған шығыстарды әділ бөлуді қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте азаматтардың жеке жеңіл көлігіне әсер етпей, коммерциялық жүк көлігіне басты назар аудару ұсынылады.
Ұсыныстарды қарашаның соңына дейін әзірлеп, жұмыс тобының келесі отырысында қарау тапсырылды.