Бірнеше өңірде тозығы жеткен жылу және электр желілері жаңартылды
Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, еліміздің бірқатар қаласында жылу магистральдары жаңартылып, электр желілерінің тозған учаскелері реконструкцияланды, деп хабарлайды «24KZ».
Атап айтқанда, Степногорск қаласында 53 жыл бойы пайдаланылып, тозу деңгейі 85%-ға жеткен жылу желісінің 9,5 шақырым учаскесі жаңартылды. Талдықорған қаласында 46 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан негізгі жылу магистралінің 3,5 шақырымы реконструкцияланды. Петропавл қаласында жалпы ұзындығы 4,3 шақырымды құрайтын жылу желісінің екі учаскесі жаңартылды. Қарағанды қаласында диаметрі 1020 мм болатын жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Оның тозу деңгейі 81%-ды құраған.
Аталған жобалардың барлығында отандық өндірістен шыққан энергия тиімді жоғары заманауи алдын ала оқшауланған құбырлар қолданылды. Бұл халықты жылумен жабдықтау сенімділігін арттыруға және салынып жатқан нысандарды желілерге қосу үшін қажетті резерв қалыптастыруға мүмкіндік берді, – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Сонымен қатар электр желілерін жаңғырту жұмыстары да жүргізілді. Астанада 30 мыңнан астам абонент қосылған 14,4 шақырым тарату желілері реконструкцияланды. Қарағанды облысында бұған дейін тозу деңгейі 92%-ға жеткен «Жосалы» қосалқы стансасы жаңғыртылды. Батыс Қазақстан облысында әуе электр тарату желілері қайта жаңартылды.
Реконструкция кезінде қазіргі заманғы тозбайтын, жоғары температураға төзімді сымдар қолданылды. Бұл тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға және электр энергиясының тұрақты берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті министр.