Баламалы энергетиканы дамыту: Құрылтайда жаңа заң жобасы мақұлданды

@Minenergokz

Құрылтай Мемлекет басшысының энергетикалық жүйенің орнықтылығын нығайту жөніндегі Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов таныстырды, деп хабарлайды «24KZ».

Заң жобасы энергетика саласын дамытудың, энергия жүйесінің сенімділігін арттыруға, инвестициялар тартуға және баламалы энергия көздерін пайдалануды кеңейтуге бағытталған жаңа тетіктерін көздейді.

Негізгі жаңашылдықтардың бірі – электр энергиясын жинақтау жүйелерінің жобаларын іріктеу үшін бәсекелестік аукциондар енгізу. Мұндай жобалардың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында қуаттың қолжетімділігін қолдау қызметтеріне 15 жылға дейін ұзақ мерзімді ақы төлеу тетігін қарастыру ұсынылады.

Қазіргі уақытта энергия жүйесінің маневрлік қуатқа қажеттілігі шамамен 3 ГВт деп бағаланып отыр. Оның 2 ГВт-қа жуығын жаңартылатын энергия көздері жобалары есебінен қамтамасыз ету жоспарлануда. Қалған 1 ГВт бойынша инвестициялар тартудың қосымша тетіктері әзірленуде. Осы мақсатта энергия жинақтау жүйелерінің жобаларын іріктеу үшін бәсекелестік аукциондар өткізу ұсынылады», – деп атап өтті Энергетика министрі.

Сонымен қатар электр энергиясын екіжақты шарттар бойынша өткізу тетігін жетілдіру ұсынылады. Осындай шарттар бойынша электр энергиясын кемінде 36 ай бойы жеткізіп келген объектілер оны Бірыңғай сатып алушыға өткізуге көше алады. Бұл өткізу нарығынан айырылу тәуекелдерін азайтып, инвестициялық жобалардың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Түзетулердің жеке блогы жылумен жабдықтау және өнеркәсіп салаларында энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануға қатысты. Атап айтқанда, қайталама энергетикалық ресурстарды, төмен әлеуетті және қалдық жылуды, жылу сорғыларын, биомассаны, биогазды және сутегіні қолдану аясын кеңейту көзделген.

Бұдан бөлек, заң жобасы сутегі технологияларын дамытуға, өнеркәсіптік процестер энергиясын пайдалануға және қалдықтарды кәдеге жарату кезінде энергия өндіруге арналған құқықтық негіз қалыптастырады.

Жалпы, заң жобасын қабылдау энергия жинақтау жүйелерін дамытудың бәсекелестік тетіктерін енгізуге, жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, екіжақты шарттар бойынша электр энергиясын өткізу тәуекелдерін төмендетуге және заманауи технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз: