Несие төлеу жеңілдей ме? Қазақстанда жаңа жүйе іске қосылды
Қазақстандықтар енді бірнеше банк пен микроқаржы ұйымы алдындағы берешегін бір өтініш арқылы реттей алады. Ол үшін fin-kelisim.kz бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды. Жүйе азаматтың жалпы борыш жүктемесін ескеріп, кредиторлармен ортақ төлем кестесін келісуге мүмкіндік береді. Бұл туралы 24KZ телеарнасының «Экономика» бағдарламасында айтылды.
Бұған дейін қарызды қайта құрылымдау үшін әр кредиторға жеке жүгіну қажет еді. Енді өтініш барлық ұйымға бір уақытта жолданады. Платформаны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бірінші кредиттік бюромен бірлесіп әзірлеген.
Жүйені пайдалану үшін азаматтың кемінде екі кредитор алдында 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болуы керек. Қарыздың жалпы сомасы 648 мың теңгеден 6 млн 920 мың теңгеге дейін болуы шарт. Сонымен қатар берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу туралы сот шешімі болмауы тиіс.
Платформа тек кепілсіз тұтынушылық кредиттерді қамтиды. Ипотека, автокредит және кәсіпкерлік мақсаттағы қарыздар бұл рәсімге кірмейді.
Бірінші кезеңде тек тұтынушылық кепілсіз қарыздар қаралады. Яғни ипотека, автокредит, кепілді қарыз және кәсіпкерлік қарыз бұл платформаға кірмейді. Сондай-ақ қарыз бойынша сот шешімі немесе нотариустың атқарушылық жазбасы болмауы керек, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының бас маманы Гүлбақыт Исаева.
Өтініш беру үшін азамат сайтқа тіркеліп, биометриялық сәйкестендіруден өтеді. Талаптарға сай болса, кредиторлар берешек сомасын нақтылап, өтеу шарттарын ұсынады. Ортақ келісімге келген жағдайда бірыңғай төлем кестесі жасалады.
Азамат алдымен сайтқа кіріп, тіркеледі және биометриялық тексеруден өтеді. Одан кейін ақпарат кредиторларға жіберіліп, олар берешек сомасын растайды. Соңында қарыз алушыға барлық несиесі бойынша ортақ төлем кестесі ұсынылады, – деді Гүлбақыт Исаева.
Енді азамат әр банкке жеке төлем жасамайды. Қаражатты платформа арқылы бір рет аударып, жүйе оны кредиторлар арасында қарыз көлеміне қарай бөліп береді. Құжаттарға қол қоюға 72 сағат беріледі.
Қарызды өтеу мерзімі бес жылға дейін, ал әлеуметтік осал топтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін жеті жылға дейін белгіленуі мүмкін. Алайда бұл несиені кешіру деген сөз емес. Азамат келісілген төлем кестесін сақтауға міндетті. Егер төлем 40 күнге кешіксе, кредитор берешекті өндіріп алуды қайта бастай алады.
Қаржылық қиындық туындаған жағдайда азамат кредиторға жүгініп, төлемді азайтуды, мерзімді ұзартуды немесе кейінге қалдыруды сұрай алады. Банк немесе микроқаржы ұйымы өтінішті 15 күнтізбелік күн ішінде қарауға міндетті. Кредитордың шешімімен келіспеген жағдайда банк немесе микроқаржы омбудсменіне шағымдануға болады. Өтініш беру тегін.