Алматы облысында 7 триллион теңгенің инвестициялық портфелі қалыптасты
Бұл қаржыға 2030 жылға дейін 300 жоба жүзеге асады. Оның 30 пайызы шетелдік инвесторларға тиесілі. Мысалы, қазір «Алматы – Қонаев» тасжолының бойында А+ санатындағы ірі логистикалық кешеннің құрылысы басталды. Инвесторлар жобаға 125 миллион доллардан астам қаржы салады. Іске қосылған кезде еешен аймақтың транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Логистикалық кешеннің жалпы аумағы – 125 мың шаршы метр. А+ санатындағы қоймалар заманауи инженерлік инфрақұрылыммен жабдықталады. Нысанда өрт қауіпсіздігі талаптары толық ескеріледі. Тауарларды жылдам тиеп-түсіруге арналған құрылғылар орнатылады. Жобаның алғашқы кезеңіне жоспарланған жұмыстар 2027 жылдың күзінде аяқталады. Компания бұған дейін Ресей, Еуропа және Орталық Азия елдерінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асырған
Ислам Әбдікерім, Griffin Logopark Almaty компаниясының бас директоры:
- Алғашқы кезеңде 27 мың шаршы метр аумақ пайдалануға беріледі. Алматы облысының артықшылығы мұнда көлік жолының тораптары өте көп. Қытаймен шектесеміз. Тауар айналымының негізгі ағыны Алматы облысы мен Алматы қаласы арқылы өтеді. Жоба аясында шамамен 1500 жаңа жұмыс орны ашылады.
Облыста биыл 122 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланса, жартысына жуығы іске қосылды. Нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Инвесторлардың 70 пайызы – отандық компаниялар. Қалған бөлігі шетелдік капиталдың үлесінде.
Айбол Рахымбаев, Алматы облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:
- Алматы қаласы мен Алматы облысы инвестиция ең көп тартылатын орталыққа айналды. Бұған көршілес мемлекеттерге жақын орналасуы оң әсер етіп отыр. Ең бастысы сұраныс бар жерде ұсыныс көп. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша тартылған инвестиция көлемі 901 миллиард теңгеге жетті. Негізгі бағыттар – логистика, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, тамақ өнеркәсібі және агроөнеркәсіп кешені.
Жаңа инвестиция тарту үшін бизнеске қолайлы жағдай жасаумен қатар кәсіпкерлердің құқығын қорғау да маңызды. Елімізде инвестиция саласындағы заңнаманың сақталуына прокурорлық қадағалау күшейтілді.
Асхат Түкенов, Алматы облыстық Прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры:
- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, біз инвесторлардың құқығын бастапқы кезеңнен қорғаймыз. Егер инвесторларға қатысты қандай да бір талап-арыз түссе, азаматтық не қылмыстық процестер басталса, бұл мәселелер ең алдымен прокуратурамен келісілуі тиіс. Жыл басынан бері Алматы облысының прокуратурасы 42 іс аясында 50-ден астам инвестордың құқығын қорғады. Мұндағы жалпы инвестиция көлемі – 1,5 триллион теңге.
Alatau City арнайы экономикалық аймағын дамытуға да айырықша көңіл бөлінген. Қаланың инвестициялық портфеліне жалпы құны 7 миллиард доллардың 67 жобасы енді. Оларды жүзеге асыру барысында 55 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембай, Аманжол Жөңкешов