Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция 18,3 трлн теңгеге жетті
Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 18,3 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9%-ға көп. Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы жариялады, деп хабарлайды «24KZ».
Инвестицияның басым бөлігі өнеркәсіп саласына бағытталған. Оның үлесі жалпы көлемнің 40,1%-ын құрады. Сондай-ақ көлік және қоймалау саласына 18,8%, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға 18,4%, ауыл, орман және балық шаруашылығына 5,7% инвестиция салынған.
Өңірлер арасында инвестиция көлемінің нақты өсімі Ұлытау облысында 74,4%-ды құрады. Жамбыл облысында көрсеткіш 29%-ға, Павлодар облысында 13,4%-ға, Түркістан облысында 13%-ға өскен. Алматы облысында 11,4%, Шығыс Қазақстан облысында 10,6%, Ақтөбе облысында 8,2% өсім тіркелді. Ал Жетісу облысында инвестиция көлемі 31,7%-ға, Қарағанды облысында 8,7%-ға, Ақмола облысында 3,4%-ға төмендеген.
Инвестицияларды қаржыландырудың негізгі көзі кәсіпорындардың меншікті қаражаты болып отыр. Оның үлесі жалпы көлемнің 65,7%-ын құрады. Бюджет қаражатының үлесі – 14,3%, банктердің кредиттері – 5,4%. Сонымен қатар инвестицияның 63,3%-ы ғимараттар мен құрылыстарды салу және күрделі жөндеу жұмыстарына, 32,5%-ы машиналар, жабдықтар мен көлік құралдарын сатып алуға жұмсалған.