Қазақстанға тартылған инвестицияның құрылымы өзгеріп келеді – сарапшы
Кейінгі жеті жылда Қазақстан экономикасына 155 миллиард доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылған. Алайда оның жалпы көлемінен гөрі, ел экономикасында қалатын нақты үлесі маңызды. Сонымен қатар соңғы жылдары инвестицияның бағыт-бағдары өзгеріп, қаржы шикізат секторынан өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығына қарай бет бұрған. Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің сыртқы экономикалық қызмет және инвестиция қауымдастығының төрағасы Қайрат Айтбай «24KZ» телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Саясаттану ғылымдарының докторының айтуынша, шетелдік инвестиция – елдегі саяси және экономикалық тұрақтылықтың көрсеткіші. Дегенмен тартылған қаржының барлығы бірдей ел экономикасында қалмайды. Сондықтан инвестицияның тиімділігін бағалағанда оның жаңа кәсіпорындар ашуға, жұмыс орындарын құруға және салық түсімдерін арттыруға қосқан үлесіне назар аудару қажет.
«Біз инвестициядағы негізгі мақсат – келген қаржының қаншалықты Қазақстанға кіріп, ел ішінде жаңа жұмыс орындары мен кәсіпорындар ашуға, салық төлеуге жұмсалғанын анықтау. Соның нәтижесінде Қазақстан экономикасына қаншалықты үлес қосылғаны маңызды. Бізге 155 миллиард доллардың жалпы көлемі ғана емес, соның ішіндегі қалған таза инвестициялық ағын қажет», – деді Қайрат Айтбай.
Оның сөзінше, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы кезеңде шетелдік инвестицияның басым бөлігі мұнай-газ және тау-кен өндірісі салаларына бағытталды. Ал кейінгі жылдары Үкімет жүргізіп отырған саясаттың нәтижесінде қаржының құрылымы өзгере бастаған. Қазір өңдеу өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығына және цифрландыруға инвестиция салу қарқыны артып келеді.
«Бұрын инвестиция шикізат саласына көп бағытталатын. Қазір нақты өндіріске, ауыл шаруашылығының құрылымдарына салынатын қаржының үлесі артып жатыр. Мысалы, 2024 жылы өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі 2 миллиард доллардан сәл ғана асқан еді. Ал 2025 жылғы көрсеткіштерді салыстырсақ, бұл бағыттағы қаржы шамамен екі есе өскен. Бұл – инвестиция құрылымының өзгеріп жатқанын көрсететін жақсы үрдіс», – дейді сарапшы.
Инвестицияның тиімділігі халықтың тұрмыс сапасынан да көрінуі керек. Сарапшының пікірінше, жаңа өндіріс орындарының ашылуы тұрақты жұмыс орындарын құрып, азаматтардың табысын арттыруға және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді. Бұған Алматы облысындағы PepsiCo өндірісін, Алматы мен Қостанайдағы автокөлік зауыттарын, сондай-ақ Шығыс Қазақстандағы бірқатар өндірістік жобаны мысалға келтірді.
«Қарапайым халық инвестицияның пайдасын жұмыс орындары көбейіп, айлығы өскенде, салық түсімдері артып, әлеуметтік жағдайы жақсарғанда сезінеді. Мысалы, қазір еліміздің әр өңірінде жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр. Тарбағатай ауданында толық циклді балық өңдеу зауыты, Зайсанда мұнай өңдеу зауыты, Ұлан ауданында кірпіш шығаратын кәсіпорын салынуда. Мұның бәрі – сол өңірлердің тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары мен табыс көзі», – деді ол.
Сарапшы Қазақстанның Орталық Азия елдерімен салыстырғанда шетелдік инвесторлар үшін бірқатар артықшылығы бар екенін де атап өтті. Оның ішінде географиялық орналасуы, Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығу мүмкіндігі, транзиттік әлеуеті мен табиғи ресурстары маңызды рөл атқарады.
«Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болғандықтан, жалпы саны 180 миллион адамды қамтитын ортақ нарыққа шығуға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар Транскаспий бағыты арқылы Әзербайжан мен Еуропаға жол ашылады. Бұған қоса, еліміздің табиғи ресурстық әлеуеті жоғары. Сондықтан біз Орталық Азия елдерін тек бәсекелес ретінде емес, әріптес ретінде қарастыруымыз керек. Бірлесіп жұмыс істесек, өңірдегі инвестициялық әлеуетімізді одан әрі арттыра аламыз», – деді қауымдастық төрағасы.
Сонымен бірге Қайрат Айтбай отандық өндірушілерді қолдау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, кейбір шетелдік тауарлар қазақстандық кәсіпорындардың өзіндік құнынан да арзан бағада нарыққа түседі. Бұл жергілікті өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етеді.
«Отандық тауар өндірушілерді қорғау керек. Біз өз инвесторларымызды шетелдік инвесторлардан кем санамай, қолдауымыз қажет. Ол үшін салықтық және кедендік тетіктерді жетілдіріп, жергілікті кәсіпорындарға бәсекеге түсуге мүмкіндік жасау керек. Өйткені олар жұмыс орнын ашады, салық төлейді, ел экономикасына үлес қосады», – деп түйіндеді сарапшы.