Инвесторларға жаңа мүмкіндік: Қазақстан өндірістік кластерлерді дамытпақ

Қазақстан Орталық Азиядағы ірі инвестициялық хабтардың біріне айналуды көздейді. Соңғы жеті жылда ел экономикасына 150 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылған. Бұл – Орталық Азияға бағытталған жалпы инвестиция көлемінің 70 пайызынан астамы. Бұл туралы «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айбол Арғынғазинов «24KZ» арнасына берген сұқбатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына бірнеше фактор әсер етеді. 

Соңғы жеті жылда Қазақстан экономикасына 150 миллиард АҚШ долларынан аса инвестиция тартылды. Бұл бүкіл Орталық Азияға салынған инвестициялардың 70 пайызынан асады. Бұған Қазақстанның инвестициялық климаты, инвестиция тартуға қажетті заңнамалық базаның тұрақтылығы және географиялық тұрғыдан транзиттік әлеуетінің жоғары болуы ықпал етіп отыр, – деді Айбол Арғынғазинов.

Ал Шанхайда Мемлекет басшысының ресми сапары аясында жалпы құны 15 млрд доллардан асатын келісімдерге қол қойылды. Бұл келісім экономиканың бірнеше негізгі саласын қамтиды. Атап айтқанда, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, энергетика және өнеркәсіп бағыттарында  бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген.

Спикердің сөзінше, инвестиция тартудағы негізгі міндеттердің бірі – шикізаттық экономикадан қосылған құны жоғары өндіріс моделіне көшу. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, металлургия және фармацевтика салаларында импортты алмастыруға мүмкіндік мол.

Қазақстанның импортты алмастыру бағытында нақты мүмкіндіктері бар. Қазір шетелдік инвесторлардың қатысуымен тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда терең өңдеуге бағытталған өндірістер құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде елімізде нақты өндірістік кластерлер қалыптасады, – деп атап өтті компания өкілі.

Оның айтуынша, мұндай жобалар толық циклді өндірістерді іске қосуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар отандық өнімнің қосылған құнын арттырып, импортқа тәуелділікті кезең-кезеңімен төмендетуге ықпал етеді.

Ал инвесторлар үшін негізгі кедергілердің қатарында инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, жер учаскелерін рәсімдеу және бюрократиялық мәселелер бар. Бұл түйткілдерді шешу үшін елімізде Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жұмыс істейді.

Аталған платформа арқылы Қазақстанда жоспарланған және іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың орындалу барысы бақыланады. Сонымен қатар жүйеде прокурорлық сүзгі тетігі қарастырылған. Бас прокуратура жанындағы инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті туындаған мәселелерді шешуге және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға атсалысады.

Инвесторлардың алдында әртүрлі мәселелер туындауы мүмкін. Ол инфрақұрылым, жер учаскелерін алу немесе бюрократиялық кедергілер болуы ықтимал. Қазіргі кезде Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа арқылы барлық жобаларға мониторинг жүргізіледі. Бас прокуратура жанындағы инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті де туындаған мәселелерді шешу үшін инвесторлармен бірлесіп жұмыс істейді, – деді Айбол Арғынғазинов.

Қазақстан инвестициялық саясатта тартылған капитал көлемімен қатар, оның экономикаға әкелетін нақты нәтижесіне басымдық беріп отыр. Терең өңдеу өндірістерін дамыту, импортты алмастыру және толық циклді кәсіпорындар құру елдің инвестициялық әлеуетін арттырудағы негізгі бағыттардың бірі болып қала береді.

Сондай-ақ оқыңыз: