Қызылорда облысына 730,5 млрд теңге инвестиция тартылды

Қызылорда облысына биыл он айда 730 жарым млрд теңге инвестиция тартылды. Өңір негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бойынша елде алдыңғы қатарға шықты. Облыс экономикасының шикізатқа тәуелділігі де біртіндеп азайып келеді. Қазір энергетика, өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс индустриясына басымдық беріліп отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Өңір экономикасының негізгі тірегі мұнай өндіру саласы еді. Қазір облыста өңдеу өнеркәсібі дамып, инфрақұрылым жаңарып келеді. Соның бір мысалы – қуаты 240 мегаватт болатын жаңа жылу электр орталығы. Шетелдік инвестор оның құрылысына 215 млрд теңге салған. Станция іске қосылғалы өңірде электр энергиясының тапшылығы жойылып, жаңа өндіріс орындарын ашуға да мүмкіндік туды.

Медет Усаин, облыстық Энергетика және тұрғын Үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:

– Бұл станция іске қосылғанға дейін Қызылорда облысы жалпы электр энергиясына деген қажеттіліктің 30 пайызын ғана өз ішінде өндіріп, қалған 70 пайызын сыртқы электр энергия көздерінен сатып алу арқылы қамтамасыз етіп отырды. Бүгінгі таңда жылу электр орталығы қажетті электр энергиясының толық көлемін қамтамасыз етіп отыр. Алдағы екі жылда қосымша 7 күн электр станциясын іске қосу жоспарланып отыр.

Өңір экономикасының өркендеуіне агроөнеркәсіп кешені де серпін беруде. Елдің басты күрішті аймағы саналатын Сыр өңірі шикізатты экспорттау көлемін азайтып, оны терең өңдеуге көшіп жатыр. Шаруашылықтар су үнемдеу технологияларын енгізіп, қосылған құны жоғары өнім шығаратын кәсіпорындар салуда. Соның бірі – Сырдария ауданындағы жүгеріні тазарту, кептіру және сақтау кешені. Бұл кәсіпорын болашақ крахмал-сірне зауытының бір бөлігі болмақ. Зауыттың қуаты 150 мың тонна дән өңдеуге жетеді. Мұнда крахмал, сірне, шәрбат және мал азығы өндіріледі. Сондай-ақ 550 адам жұмыспен қамтылады.

Талғат Дүйсебаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– 2026–2028 жылдарға арналған Жол картасы қабылданған болатын. Жол картасына сәйкес 2026 жылы жалпы құны 24 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған еді. Бүгінде сол жобалардың төртеуі іске қосылды. Қалған төртеуін жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Бұрынғы жылдары небәрі мың гектарға жуық жерге жүгері егілсе, биыл оның көлемін 11 мың гектарға жеткіздік.

Болашақта өңірде қызанақ өңдейтін, өсімдік майы мен құрамажем өндіретін зауыттар ашылады. Бұл кәсіпорындар азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, экспорт көлемін ұлғайтады. Қазір облыста құрылыс та қарқын алған. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың көптеп салынуы жергілікті өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік беруде.

Азамат Қаюпов, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– 10 айдың қорытындысы бойынша өңірге 730,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9 пайызға жоғары. Қазіргі таңда облыста жалпы құны 100 млрд теңгені құрайтын 27 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның 17-сі іске қосылды, тағы 9 жобаны жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Өткен жылы Үкіметтің қолдауымен «Қорқыт ата» арнайы экономикалық аймағы құрылды.

Қызылорда облысында инвестиция тарту қарқыны жоғары. 2029 жылға дейін өңірде жалпы құны екі трлн теңгеге жуықтайтын 48 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Жаңа кәсіпорындар өңір экономикасын әртараптандырып, мыңдаған жұмыс орнын ашуға серпін береді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Ақан Әлиев

Сондай-ақ оқыңыз: