Түркістан облысында мақта тұқымын өндіретін зауыт ашылады

Ғылыми-өндірістік орталықта мақта тұқымының сапасын жақсартуға арналған жоба сынақтан сәтті өтті. Бердияр Қалымбетов ұсынған бірегей әдіс арқылы отандық сұрыптың құрамы микротыңайтқыштармен байытылып, зиянкестерге қарсы өңделді. Осылайша тұқымның өнімділігі артатыны тәжірибе жүзінде дәлелденді. Енді «Ғылым қорының» қолдауымен заманауи зауытты іске қосуға әзірлік жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Осылайша, тұқымның өнімділігі артатыны тәжірибе жүзінде дәлелденді. Енді «Ғылым қорының» қолдауымен заманауи зауытты іске қосуға әзірлік жүріп жатыр.

Бердияр Қалымбетов, «Агроинженерия және технология» ғылыми-өндірістік орталығының жетекшісі:

– Тұқымның расходы 1 гектарға 20-25 кг азаяды. Дәл егіншілік мүмкіндігін береді. Енді анық егілгеннен кейін оның өніп-шығуы, өсуі жылдам жүреді. Өнімділігі жоғары болады. Қазір орташа 27-30 болса, алдағы уақыттарда біздер 35-40 центнерден өнім болады деп жоспарлап отырмыз.

Мамандардың айтуынша, заманауи әдіспен әзірленген тұқым жоғары өнгімділігімен қатар климаттың өзгерісі мен су тапшылығына да төзімді болады. Ең бастысы, шетелдік импортпен толық бәсекелесе алады. Биыл егістік алқаптарға қажетті 4300 тонна мақта тұқымының басым бөлігі шетелден жеткізілген.

Хайдар Тасыбеков, М.Әуезов атындағы зерттеу университетінің проректоры:

– Мақтаның егісіне пайдаланылатын тұқымның 40%-ы ғана бізде, Қазақстанда өндіріледі. Қалған 60%-ы импортталады. Яғни осы бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша қазір сол тұқымдарды өзімізде өндіру мәселесі өндірістік сынақтан өткізіліп жатыр. Мақта кластерін құруға, үлкен агробио бағыттарды дамытуға осындай жұмыстар жасалып жатыр.

Түркістан облысы – республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Биыл 174 мың гектарға мақта егіліп, жер игеру көлемі былтырғымен салыстырғанда 28 мың гектарға артты. Дегенмен алқап ұлғайғанымен, жалпы 535 мың тонна өнім жиналды. Оның басты себебінің бірі сапалы тұқымның тапшылығы. Сондықтан жергілікті шаруашылықтарды қолдауға субсидия беріледі.

Сейітжан Әзбергенов, Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

– Тұқым шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша 471 млн теңге субсидия бөлінді. Оның ішінде 322 млн теңгесі осы тауар өндірушілердің егіске жұмсаған шитіне төленді.

Заманауи зауыт Асық-ата кентіндегі ескі кәсіпорынның базасында орналасады. Нысанды желтоқсанда іске қосу жоспарланып отыр. Ғалымдар мен кәсіпкерлер алдағы егістік маусымы басталғанға дейін 2 мың тоннадан астам отандық тұқым шығарып, шетелдік импортқа тәуелділікті азайтуды көздейді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов

Сондай-ақ оқыңыз: