Қазақстан агроөнім экспортын 6,4 млрд долларға жеткізді

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы минитсрлігі

Қазақстан 2026 жылдың тоғыз айында 6,4 млрд доллардың агроөнеркәсіптік өнімін экспорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,7%-ға көп. Былтыр қаңтар-қыркүйек айларында экспорт көлемі 4,8 млрд доллар болған. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Экспорт құрылымында астықпен қатар өңделген өнімдердің үлесі де артып келеді. Әсіресе күнбағыс майы, ұн және мал азығы өнімдерін шетелге жеткізу көлемі өскен.

Мәселен, күнбағыс майының экспорты 470,9 мың тоннадан 661,5 мың тоннаға дейін ұлғайды. Ал одан түскен табыс 474,6 млн доллардан 731,4 млн долларға жетті.

Бидай және бидай-қарабидай ұнының экспорты да артқан. Есепті кезеңде шетелге 1,59 млн тонна ұн жөнелтіліп, экспорттық түсім 462,2 млн доллар болды. Былтыр бұл көрсеткіштер тиісінше 1,3 млн тонна және 343 млн долларды құраған.

Мал азығы өнімдерінің экспорты 2,85 млн тоннаға жетіп, құны 662,3 млн доллар болды. Салыстырмалы кезеңде 2,02 млн тонна өнім 425,7 млн долларға сатылған.

Сонымен қатар тоғыз айда шетелге 6,2 млн тонна бидай мен меслин жеткізілді. Оның жалпы құны 1,42 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен жоғары. Ол кезде 5,5 млн тонна астық 1,12 млрд долларға экспортталған.

Зығыр тұқымының экспорты да өсіп, 881,7 мың тоннаға жетті. Оның экспорттық құны 429,3 млн доллар болды.

Жалпы, агроөнеркәсіптік өнім экспортының артуы отандық өңдеу кәсіпорындарының әлеуетін кеңейтіп, Қазақстанның сыртқы нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Саладағы негізгі басымдықтардың бірі – ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім өндіру.

Сондай-ақ оқыңыз: